Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік шығармашыл жастар «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді

Ақтөбелік шығармашыл жастар «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың болашағы зор жастарды қолдау туралы тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жас ақтөбеліктерге «Тәуелсіздік ұрпақтары» грант табыстады.

Салтанатты марапаттау рәсімі облыс әкімдігі жанындағы жастар кеңесінің отырысы барысында өтті. Грант иегері атануға 16-35 жас аралығындағы 103 жас үміткер болған.

Бүгін өңір басшысы 103 құжаттың ішінен үздік деп танылған 30 жеңімпазға 300 мың теңге көлемінде грант табыстады. Байқаудың комиссия мүшелері жобалардың әлеуметтік маңыздылығына баса назар аударған.

Грант иегерлері атанғандардың қатарында 26 жастағы Нұрсұлтан Қалдыбай бар. Ақтөбе қаласының жас тұрғыны автокөлігін сатып, үйінің ауласында жылыжай салған. Алайда, оның құрылысы толық аяқталмапты. Гранттық қаражатты Нұрсұлтан Қалдыбай сол кәсібіне жұмсамақ. Қазіргі таңда бір бөлігі жұмыс істеп тұрған жылыжайда жас кәсіпкер көк жуа өсіріп, алған өнімін жергілікті дүкен сөрелеріне сатып үлгерген.

«Ауыл аманаты» жобасы сияқты бағдарлама қала тұрғындарына да қажет. Өйткені, кәсіп бастау үшін банктерден қарыз алатын болсаң, 2,5% емес, 23% үстемемен аласың. Қазір көптеген мүмкіндіктер бар, мемлекет тарапынан қолдау көп. Сондықтан жастарға айтарым, сылтау іздемей, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, жұмыс істеудің уақыты келді», – деп есептейді Нұрсұлтан Қалдыбай.

Самал Ешім үшін фотостудия ашу қол жетпес армандай болған. Церебральды сал ауруына шалдыққан ол жоғары білім аліп, графикалық дизайнды үйреніп, қоғамдық жұмыстармен айналысып келеді.

«Гранттық қаражатқа мен кәсіби принтер сатып аламын, содан кейін фотосалонымды ашамын деген ойдамын. Фотосурет жасаған ұнайды. Сыйлықтар салатын қорапшалар да шығарамын», – деді Самал Ешім жоспарларымен бөлісе отырып.

Облыс әкімі оған сәттілік тілеп, өскелең ұрпаққа Самалдай рухы мықты жастар үлгі болу керек екенін айтып өтті.

Бұдан өзге, биылғы облыстық жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға, өскелең ұрпаққа зор сенім арта отырып, олардың әлеуетін  дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануға міндеттеді. Ақтөбе облысында жастардың әлеуетін барынша толық пайдалану үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов отырысқа қатысушы – кеңес мүшелеріне, жоғары оқу орындарының, жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдеріне арнап сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімі жастардың жаңа идеялары мен тың ұсыныстарына әрқашан ашық екенін алға тартты. Айта кетейік, өңір басшысы Ақтөбенің белсенді, шығармашыл жастарымен бірнеше рет кездесті. Осы басқосулардың маңызды нәтижелерінің бірі өңірде «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру болды. «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асатын бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ақтөбеліктер қатысады. Оларға 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі.

«Жастармен кездескен кезде келелі ойлар айтылды, олардың көтерген мәселелерінің кейбірі шешімін табуда. Соның ішінде IT мамандарының тартымды орнына айналатын технопарк ашқалы отырмыз. Бұл ІТ-парк талантты жастарымыздың әлеуетін шыңдайды. Сондай-ақ, жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Өнер орталығында» креативтік орталық ашылады және осындай орталықтар қаламыздың 5 жерінде болады. Кітапханалар коворкинг орталықтар сияқты қайта жасалады. Бұл нысандардың жұмыс кестесін де қайта қараймыз. Өйткені, олар жастар үшін кешкі уақытта қолжетімді болуы тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысы мектептегі, сондай-ақ кәсіптік-техникалық  білім берудегі, оқушыларға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарына ерекше көңіл бөлуде.

Бұл бағытта өңірде ауқымды жұмыстар жасалуда. Мәселен, кейбір 5-6 пәнді бір мұғалім жүргізетін шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыру мақсатында өңірде басқа облыстар арасында алғашқы болып «Bilim All» жобасы бастау алды. Жоба аясында Ақтөбе қаласындағы жетекші мектептердің үздік мұғалімдері 120 шағын жинақты мектепте математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен онлайн сабақтар өткізуде. Ал білім саласындағы тағы бір жағымды жаңалық — келесі жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде әлемнің жетекші университеттерінің бірі – Heriot-Watt University-дің филиалы ашылады.

«Жастар арасында салауатты өмір салты – өте маңызды мәселе. Өкінішке орай, туа біткен ақаулары бар балалар санының өсуі байқалады. Бұл отбасы үшін де, бүкіл қоғам үшін де үлкен қасірет. Бұл бағытта сіздердің әрбіреуіңізден жас ұрпақтың белсенді өкілдері ретінде өз ортаңызда түсіндіру жұмыстарын жүргізулеріңізді сұраймын. Бұл мәселе туралы мүмкіндігінше ашық айту керек. Жастардың бүгінгі таңда жасаған теріс іс-әрекеті – болашақта құратын отбасының амандығына, балаларының денсаулығына әсер ететінін анық білуі керек», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ол сондай-ақ облыстың елді мекендерін абаттандыруға белсенді қатысатын жастарға алғысын білдірді. Оның ішінде, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының үлесі ерекше атап өтілді. Өткен маусымның қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының «Жасыл ел» еңбек жасағы республикада «Үздік жасақ» номинациясын жеңіп алды.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

/aqtobegazeti.kz/