Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарих пен тағылым

Тарих пен тағылым

Асхат КЕҢЕСОВ,
саяси ғылымдар кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Қазақстан халқы Ассамблеясы және
әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалын ашты. Бұл шара еліміз үшін айрықша мәнге ие. Өйткені мемориал қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғызылды. Сондай-ақ бұл кешен кейінгі ұрпаққа тағылым да болмақ.
Қасіретті қаңтардан бері жылға жуық уақыт өтті. Сол күндері мемлекеттілігімізге үлкен қауіп төнді. Біз мызғымас бірліктің арқасында елімізді қорғап қалдық. Сол кезде ел Президенті батылдық пен табандылық танытып, мемлекеттіліктің жойылуы және билікті басып алу қаупінің алдын алды. Сөйтіп, Мемлекет басшысы Алматыны құтқарды, ел тәуелсіздігін сақтап қалды.
Бейбіт наразылықты арандатушылар өз мақсаттарына пайдаланды. Соның салдарынан көптеген жазықсыз адам, тіпті балалар да құрбан болды. Қаңтар құрбандары мен қаһармандары ел жадында мәңгі сақталады.
Мемориалда қазақ елінің шежіресі тұнып тұр. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Мемориал — тек қасіретті қаңтар туралы ғана емес, жалпы Қазақстанның Тәуелсіздік пен Егемендігіне апаратын күрделі жолы туралы ескерткіш. Онда тек қаңтар оқиғасы кезіндегі халықтың қайғысын ғана емес, сондай-ақ Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның көріністерін, желтоқсан оқиғаларының жаңғырығын да көреміз.
Мемориал төрт эмоционалды-архитектуралық бөліктен тұрады. Олар: ашық сұр түсті тас — жас мемлекеттің қалыптасуын, қара бөлігі — қаңтар оқиғасын, сұр бөлігі — құрбандар мен төгілген қанның, адам қазасын білдіреді, ақ бөлігі — біздің тарихымыздағы барлық қайғылы сәттердің логикалық аяқталуы, халықтың бірлігі мен ынтымағының жеңісі.

  //aqtobegazeti.kz/