Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құдайбергеннің Асқарымен әсерлі сұқбат

Құдайбергеннің Асқарымен әсерлі сұқбат

Текті … Қазақ халқында терең астарлы, зор мағыналы осындай қасиетті сөз бар. Тіл білімінің негізін қалаған тұңғыш лингвист-ғалым, өмір кешкен аз ғана ғұмырында артына зор ғылыми мұра қалдырған Құдайберген Жұбановтай тұлғаның тұяғы, әке ісін жалғастырып жүрген Асқар Жұбанов та тың зерттеулерімен қазақ ғылымындағы өз қолтаңбасы бар ғалым. Бүгін университетімізде дәстүрлі өтетін «Жұбанов тағылымы» ІХ ғылыми конференциясы барысында Асқар Құдайбергенұлымен жолығып, сұқбаттасудың сәті түсті.

Асқар аға, әкеңіз Құдайберген Жұбановтан сәби күніңізде қалғаныңызды білеміз. Әкеңіз туралы көп зерттеп жүрсіз, ол жайында ойларыңызбен бөлісіп өтсеңіз?

Әкемді мен өмірге келген 1937 жылы жылы «халық жауы» деп ұстап әкетіпті. 1937 жылдың 13 қарашасында өмір есігін ашқан екенмін. Әкем мені 19 қарашада перзентханадан шығарып, үйге әкеліп қана үлгерген. Өкініштісі сол, ол кісі менің есімімнің Асқар деп қойылғандығын да білмей кетті. Әкеммен бірге, үйдегі оның кітаптарын,жазбаларын, ғылыми зерттеулерін кілемге орап алып кетіпті. Содан анамыз 6 баламен, ең кішісі мен, ең үлкені 12 жастағы қызы Мүслимамен жалғыз қалып, барлық ауыртпашылықты көтеріп, «халық жауының әйелі» деген жалған жаламен жүріп, барлығымызды өсірді, оқытты, жоғары білім алып берді. 1938 жылы әкеміз солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болып, ату жазасына кесілген екен. Біздер ешнәрсе білген жоқпыз, анамызға әкемді «Сібірге айдалды» деп, жасырып келген. Өмірімізде қиындықтар өте көп болды. Қазақстанның бір қиырынан екінші шетіне қоныс аударып, көшіп жүруге мәжбүр болдық. Атажұрт-Ақтөбе өңірі, Алматы, солтүстіктегі Петропавл деп жүріп, әкеміздің аты ақталғанша бір жерде тұрақтай алмадық.

Бірақ анамның көрген бейнеті ақталып, әкенің орындалмай қалған арманын балалары жалғастыра білді. Ақырап — Алматыдағы сурет училищесіне отыз жылдай басшылық етті, Есет- филология ғылымдарының докторы, профессор болды. Мүслима ұстаз, Қызғалдақ пен Қырмызы экономистер, ал мен әке ізін қуып тіл білімі саласында қызмет етіп келемін.

Әке ісін жалғастырып, қазақ тіл білімінің тізгінін тартып келесіз? Сіздің алғашында физика-математика саласын таңдап, артынан тіл білімі саласына келуіңіз әке ісін жалғастыру ма, әлде жан дүниеңіздің қалауы болды ма?

Біздің жас кезімізде ер балалар үшін тау-кен институтына түсу, қыз балалар үшін  медициналық институтқа түсу мақтаныш саналатын. Ер балалар тау-кен институтына түсіп, арнайы киіммен жүруді өздеріне шен санайтын. Менде алғашында тау-кен институтына тапсырдым, сол кезде барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылданып, қуанышымда шек болмаған еді. Дегенмен бұл қуанышым ұзаққа созылмады. Бір аптадан кейін институт ректоры шақырып алып, бұл оқу орнында «халық жауының» балаларына оқуға болмайды деп, құжаттарымды қайтарып берді. Сол кездерде Есет ағам Тіл білімі институтында қызметте еді. Сол кісі «Өзіңнің әкең жұмыс жасаған жер, сені ол жерде ешкім «халық жауының» баласы деп шеттетпейді» деп Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түсуіме кеңес беріп, сол кездегі ректоры Мәлік Ғабдуллинмен жолықтырды. Сөйтіп физика-математика факультетіне оқуға қабылдандым. Сондықтан менің бұл мамандықты таңдауым кездейсоқ болды. Оқуды бітіріп, одан кейін Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтында «Жоғары математика» кафедрасында қызмет жасадым.

Бір күні Есет ағам Мәскеу, Ленинградтан келген келген ғалымдардың тіл білімінің жаңа саласы – математикалық лингвистикадан оқып жатқан дәрістеріне қатысуымды сұрады. Профессорлардың дәрістерін тыңдай отырып, математиктердің де тіл саласын зерттей алатындығын білдім. Әкем терең бойлаған ғылымға менің де бір бойлап шығуым керек деп ойладым. Ағам Есет Жұбанов та осы саланы көрсең қайтеді деп кеңес берген соң, осы салаға ауыстым. Белоруссияның астанасы Минск қаласында осы жаңа сала бойынша білімімді жетілдірдім. Кейін аспирантураға түсіп, М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы тілдік бірліктердің статистикасын және олардың ықтималдықтар теориясының қандай заңдылықтарына бағынатындығын зерттеп, 1971 жылы «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистика-лингвистикалық зерттеу» атты кандидаттық, 2001 жылы «Қазақ мәтінінің мазмұнын формалаудың негізгі принциптері» тақырыбындағы докторлық диссертацияларымды сәтті қорғадым. Математика саласында тіл білімін зерттей отырып, әкеміздің сол кездегі компьютер шықпай тұрған кездің өзінде-ақ, зерттеген ғылыми зерттеулерінде бастаулары бар екенін білгенде, осыншама білімді әкемнің қайдан алып үлгергеніне таңғаламын.

«Жұбанов тағылымы» ғылыми конференциясы дәстүрлі өткізіліп келеді. Бұл жолғы басқосудың ерекшелігіне тоқталсаңыз?

Жұбановтану ілімі жылдан-жылға даму үстінде. Әкеміз Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Жұбанов мұрасын зерттеуші ғалымдар шоғыры қалыптасқан десек болады. Ғылым саласы жыл өткен сайын күрделене түсуде. Әкем қалдырған ғылыми мұраны зерттей түскен сайын жаңа қырынан тани бастайсың, тереңіне бойлай түсесің. Ғылым дами түседі. Әр конференцияның ерекшелігі сонда деп ойлаймын.

Жұбанов мұрасын зерттеуші жас ғалымдарға айтарыңыз?

Жұбанов мұрасын зерттеуші жас ғалымдар — қазақтың мақтанышы, тіл білімінің негізін қалаушы Құдайберген Жұбанов еңбектерін ерінбей оқып, терең зерттей білуі керек. Сіздің университетте «Жұбановтану» ғылыми-зертханалық орталығы ашылғалы отыр. Бұл жас зерттеуші ғалымдарға терең зерттеулер мен ізденістер жүргізуге жасалатын үлкен мүмкіндік деп есептеймін.

Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан: Жадыра АРЕН