Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > «2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы жеңімпаздары анықталды

«2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы жеңімпаздары анықталды

«2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Республикалық конкурстық комиссия өз мамандығы бойынша үздіктердің ішінен үздіктерді таңдады. Қазақстандық 43 ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды.
Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алатын болады, бұл шамамен 6 млн теңгені құрайды. Ақшалай ынталандырудан басқа «2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары төсбелгіге ие болады.
Конкурс жыл сайын оқытушы кәсібінің беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамытуға ынталандыру мақсатында өткізіледі.
«Конкурсқа еліміздің 71 жоғары оқу орнынан барлығы 775 үміткер қатысты. Конкурста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т.б. сияқты көрсеткіштер, сондай-ақ үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау жөніндегі еңбегі бағаланды», — деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Айта кетейік, конкурс ҚР ҒЖБМ ақпараттық жүйесінің базасында өтті, оның көмегімен қатысушылар барлық кезеңдердің ашықтығын бақылай алды. «2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар да электрондық форматта қабылданды. Бұл конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз етті. Сондай-ақ, комиссия құрамына ҮЕҰ, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері және білім беру саласындағы сарапшылар енгізілді.