Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Оқытушыларға арналған қысқы мектеп басталды

Оқытушыларға арналған қысқы мектеп басталды

Бүгін Жұбанов университетінде оқытушылардың біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу мақсатында қысқы мектеп жобасы басталды.

Қысқы мектепте университет оқытушылары бір-бірімен пікір бөлісіп, жаңа идеяларды талқылап, ғылыми зерттеу әдістерін игеруде, жаңа оқу бағдарламаларын жетілдіруде тәжірибе алмасатын болады.
Екі аптаға жуық уақытқа созылатын мектепте 8 топ бойынша күнделікті форсайт сессия, тренингтер, шеберлік сабақтары, спорттық ойындар өткізіледі.

Қысқы мектепке сегіз факультеттен 360-тан астам оқытушы қатысуда. Диалог алаңында қатысушылар спикерлермен бірге білім беру саласындағы ІТ технологияның қолданылуы, білім бағдарламаларын әзірлеудің негізгі аспектілері, ғылыми жобаларды коммерцияландыру, интернет психологиясы, трансформациялық ойын,зерттеу дағдыларын дамыту, академиялық жазу тағы да басқа тақырыптарда өзекті мәселелерді талқылайды.

«Менің тақырыбым — интернет психологиясы. Яғни желідегі жалғыздық, қарым-қатынас монетизациясы, сандық шамадан тыс жүктеме, жастарды түсініп, олармен бір толқында болуға бағытталған. Биылғы алғашқы жұмыс күні ерекше жобамен басталды. Жұбанов университеті профессор-оқытушылық құрамы, үлкен ұжым қысқы мектепте білімін жетілдіріп, диологтік алаң құрып, тәжірибе бөлісуде», — дейді спикерлердің бірі, педагогика ғылымдарының магистрі, оқытушы Райбек Сағадатов жоба туралы өз ойымен бөлісіп.

Айта кетейік, университет оқытушыларынан бөлек IELTS тренері Ronalyn De Claro да сабақ жүргізеді. Мектеп бітірушілеріне арнайы сертификаттар табысталады.