Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бірлік — жарқын болашағымыздың кепілі

Бірлік — жарқын болашағымыздың кепілі

Нарқозы ҚАРТЖАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің докторанты.

Ел арасында «Қаңтар қасіреті» аталып кеткен оқиғаға да бір жыл өтті. Осы аралықта бұл жағдайға ешкімнің де бейжай қарамағаны, барлығымыз бұны үлкен күрсініспен еске алатынымыз талас тудырмайды.

Еліміздің бас прокуроры айтқандай, жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік актілерінің арасындағы айырмашылықты түсіну қажет. Екі жағдайда да зорлық-зомбылық, ойран, өртеу және билікке қарсылық бар. Алайда тәртіпсіздіктер бейберекет сипатқа ие. Ал лаңкестік актілердің өз кезегінде нақты мақсаты бар — халықты қорқыту және мемлекеттік органдардың қызметін әдейі қалыптан тайдыру. Қаңтар оқиғасы барысында лаңкестік актілер жасалып, әкімдіктер, әуежайлар, ҰҚКД ғимараттары, полиция, теледидар мен байланыс мекемелеріне шабуыл жасалды. Яғни қарапайым халықтың наразылығын теріс бағытта пайдаланып кеткендер болды. Бұның соңы, әрине, жақсылыққа апармады.
Меніңше, кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу қажет. Тыныштықтан артық құндылық жоқ. Бірлік қана жарқын болашағымыздың кепілі екенін ұмытпайық. Қазақ сөзге тоқтаған халық қой, соны өз игілігімізге қолдана білейік дегім келеді.

Әділеттілік, ашықтық ұғымдары билік арасында да жиі ауызға іліге бастады. Жұртшылық Жаңа Қазақстанның іс жүзінде орнайтынына бек сенеді. Сол қатарда мен де бармын. Бәріміз өткен жылғы қасіретті оқиғадан сабақ алып, не нәрсені де байыппен шешейік.

 

/aqtobegazeti.kz/