Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғасыр саңлағы

Ғасыр саңлағы

Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 111 жыл толуына орай Есет батыр тұрғын үй алабындағы Д.Қонаев атындағы №60 жалпы білім беретін мектепте І аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев — ғасыр саңлағы» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің Астана, Алматы және өзге қалаларынан қонақтар келді. Олардың арасында Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті  Болат Қажы Ақпар Байбол мен Алматыдағы Д.Қонаев мұражайының басшысы Елена Кубашева бар. Ұлы тұлғаның құрметіне мектепте арнайы кабинет ашылды. Мектеп фойесінде Д.Қонаевтың өмірі мен еңбегі туралы  бейнебаян  көрсетілді. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ерінің өмірі мен еңбегі туралы жазылған стендтер орнатылып, Алматыдан көшпелі мұражай келіп, біраз жәдігерлер әкелінді. Бұл іс-шараны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұйымдастырды.

— Былтыр қыркүйек айында мектебімізге Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Сол кезден бастап кешенді жоспар құрып, осы конференцияны өткізуді қолға алған болатынбыз. Бұған білім беру ұйымдарының басшыларын, мектеп директорларын, оқушылар мен студенттерді шақырдық. Басты мақсатымыз — Дінмұхамед Қонаевтың есімін ұлықтап, жастарға кеңірек насихаттау. Конференцияға республика бойынша 200-ден астам адам шақырылды. Еліміздің әр аймағынан конференцияға қатысуға 250-дей педагог ниет білдірді. Конференция туралы жинақ шығып, оған 140 мақала енді, — дейді аталған мектеп директорының орынбасары Бибігүл Садықова.

Конференцияда 5 бағыт бойынша секциялық отырыстар болды. Онда қоғам қайраткерінің өмір жолы, қанатты сөздері, Қазақстан Республикасы үшін жасаған оңды шешімдері мен ірі жобалары қамтылды.

Конференцияның құрметті қонақтарының бірі Алматы облысы Қонаев қаласынан келген Мейрамгүл Тұрғанбаева «Ақиқаттан аттап кету — арға сын» атты баяндама жасап, Д.Қонаев пен Қонаев қаласын не байланыстыратынын айтты.

— Өзім 2016-2022 жылдар аралығында осы мектепте еңбек еттім. Мен бұл мектептің ұлы тұлғаның есімін алғанына қатты қуандым. Қонев қаласына қызметке шақырғанда көп ойланбастан келістім. Қызметімді Қонаев атындағы мектептен Қонаев қаласына ауыстырғанымды жақсылықтың нышаны деп білемін.  Өйткені ондағы мен қызмет істейтін мектеп те Қонаевтың есімімен аталады. Баяндама тақырыбын «Ақиқаттан аттап кету — арға сын» деп атауымның себебі бар. Дінмұхамед Қонаевтың өзі «Өтті дәурен осылай» деген алғашқы кітабы туралы:«Көп деректерді ашып айтпапты-ау, сонша неге тартынды екен?» деп оқырманды екіұшты ойға қалдыратын тұс аз кездеспейді. «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты  кітабымда соны ескердім. Бұл жолы тайсақтамай бар білгенімді, көргенімді жайып салып отырмын», — дейді.

Алматы қаласы мен облысының халқын 60 жылдан астам уақыттан бері электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан қазіргі Қонаев — бүгінгі Қапшағай қаласының тарихын жастар біле бермейді. 1928 жылы Ораз Жандосов бастаған қазақ зиялылары Қапшағай су қоймасын салу туралы бастама көтереді. Кейін халық жауы деген жаламенатылып кеткесін бұл жоба аяқсыз қалады. Арада 30 жыл өткен соң бұл бастама қайта көтерілгенмен қолдау таппайды. Орталық мұндай ірі жобаны қазақтарға қиғысы келмеді. Ал кейін осы жерде Қапшағай су қоймасының салынып, қаланың бой көтеруіне Дінмұхамед Қонаевтың еңбегі орасан зор болды, — дейді М.Тұрғанбаева.

Форумда Дінмұхамед Қонаевтың көзін көргендер өз естеліктерімен бөлісті.

— Мен Дінмұхамед Қонаев тұратын үйге жақын жердегі университетте оқыдым. Алматыда қызметте болғанымда оны кездесулерде көріп жүрдім. Ақтөбеге соңғы рет 1983 жылы келген. Қазіргі облыс әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы бір сағат бойы толықтай қазақ тілінде баяндама жасап, мінберден қағазға қарамай сөйледі, — деп еске алады тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  профессоры Нұртаза Абдоллаев.

Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті БолатқажыАқпар Байболдың айтуынша, еліміздегі 38 мектеп Д.Қонаевтың есімімен аталады. Сондай-ақ оның атында бірнеше кітапхана мен мұражай бар. Алматыдағы Д.Қонаевтың мұражай-үйіне келушілердің қызығушылығы басым. Қазіргі таңда мұражайға айналған қайраткердің үйі 1 жыл ішінде 27 мың адам  қабылдаған.

— Д.Қонаевқа қатысты біраз  жәдігер сонда тұр. Астананың қасындағыҚорғалжында бірнеше бастамашы өздерінің аңшылық үйлерінің бірінде өз қаражатына мұражай құрды. Көктемде сол жерге барып, Дінмұхамед Ахметұлының бірнеше аңшылық аксессуарын тапсырдым. Жалпы, Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай республикада көптеген іс-шара өтті, өкінішкеқарай, бәріне үлгермедік, —дейді Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті.

Бұған дейін қор өкілдері Шымкент, Түркістан, Тараз қалаларында болған.  Тараз қаласында қоладан жасалған биіктігі 8 метр  алғашқы ескерткіш ашылды. Сонымен қатар қор мен демеушілердің қолдауымен «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Сталиннен Горбачевке дейін», «Менің уақытым туралы» және «Қытайдағы 30 күн» атты бірнеше кітабы жарық көрді. Оның 5-6 мың данасы мектептер мен кітапханаларға таратылды.

Қор басшысының айтуынша, бұл кітаптар мектеп оқушылары мен студенттерге арналған. Жастар тарихқа қызығушылық танытады.  Қонаев қайтыс болғаннан кейін дүниеге келгендер оның тарихын көп біле бермейді. Өйткені оның есімі дәл бұлай насихатталмады. Бұл жұмыстар кейінгі жылдары ғана қолға алынды.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

//aqtobegazeti.kz/