Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Балаларға арналған университет

Балаларға арналған университет

Қазақстандағы балалар жылы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, түйінді сын-қатерлер мен мүмкіндіктер туралы конференциямен қорытындыланды. Конференцияға Чехия, Хорватия, Венгрия, Қырғызстан және басқа да елдердің халықаралық сарапшылары қатысты.

Қазақстандағы балалар жылын қорытындылаған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов​ «Еліміздің Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бұл мемлекеттің өскелең ұрпаққа маңызды көңіл бөлу және еліміздің болашағына қамқорлық жасау деңгейін көрсетеді. Еліміздегі халықтың үштен бір бөлігі – балалар. Балалар жылы ішінде білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Тамақтану сапасын күшейту, тамақтану құнын реттеу, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу бөлігінде Тамақтануды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мектептегі тамақтануды қоғамдық бақылау жандандырылды. Маңызды бағыттардың бірі – қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету. Апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Президент тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленді. Бағдарламаға сәйкес қалалар мен ауылдарда 800 мыңнан астам жаңа оқушы орындарына 401 мектеп салынады», — деді.

Министр Балалар жылындағы келесі басым бағыт балабақшаларда, мектептер мен колледждерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Барлық білім беру ұйымдарында камералар орнатылды, білім беру объектілерін қорғауды күшейту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді, турникеттер, дабыл түймелері орнатылып жатыр.

Балалар жылы тұңғыш рет баланы қорқытудан (буллингтен) қорғау құқығы бекітілді, тиісті алдын алу ережелерін әзірлеу бойынша құзырет енгізілді, бұл қудалауға ұшыраған балаларға уақтылы ескертуге және қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің бірыңғай қағидалары қабылданды.
Елімізде балалардың әл-ауқатының индексі алғаш рет әзірленді. Әр бағытта лайықты өмір сүру жағдайларына, білімге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымға, зорлық-зомбылықтан қорғауға және әлеуметтенуге қол жеткізуді көрсететін ең маңызды индикаторлар таңдалды.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру жалғастырылды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту, балабақшаларға бірыңғай кезектілік бойынша платформа әзірлеу, бұл кезекте қайталануды болдырмауға мүмкіндік береді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тіркеуді автоматтандыруды көздейтін ПМПК модулі әзірленді. Бір ПМПК ашу нормативтері 60 мыңнан 50 мың балаға азайтылды.
Сонымен қатар, Балалар жылы мектеп автобустарының автобус паркі алғаш рет ауқымды түрде жаңартылды. Ол 515 жаңа автокөлікпен толықтырылды. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасы алғаш рет кешенді түрде жетілдірілді. Көркем әдебиет қоры мемлекеттік тілдегі басылымдармен толықты.

Құрылғанына 3 жыл толған Zhubanov University Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Балалар университетінде де Балалар жылына орай біраз шаралар жүзеге асты. Бұл ерекше жобаның бүгінгі нәтижелері туралы Балалар университетінің жетекшісі Жамила Идиевадан сұрап, білген едік. Жүздескен Гүлнара Қараша.

Сәлеметсіз бе, алдымен кездесуімізге себепші басты сұрақ. Балалар жылы аяқталды. Оған қатысты Балалар университетінде қандай шаралар өтті? Сол жайлы айтсаңыз.

-Биылғы жылдың басты жаңалығы — Балалар университетінің алғашқы түлектеріне салтанатты түрде Диплом тапсырдық. Бұл 22 оқушы 2019 жылы оқуға түсіп, 7 бағыт бойынша Балалар университетінің толық курсын сәтті аяқтағандар. Сонымен қатар,​ Балалар университетінің түлектеріне мектеп бітіргесін жоғары білім алу үшін біздің университетті таңдаған жағдайда оқу ақысын жеңілдету туралы сертификаттар берілді.​
10 студент-оқушы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде​ өткізілген 1-ші Республикалық слетте KIDS EXPO -2022 балалар шығармашылығы көрмесіне қатысып, ғылыми жобаларын қорғады.​ Бурабайдағы «Тұлпар» лагерінде демалды. Бұл жайында елге келгесін облыстық «Aqtóbe» телеарнасына толық сұқбат бердік.
Балалар университеті қала мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия, № 51 гимназия, Новый орта мектеп-лицейі мемлекеттік мектептерін сенімгерлік басқаруға алып, «Сымбат» дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, «КАЗГЮУ мектеп-гимназия және колледжі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен ынтымақтастықтамыз.
Аталған мектеп оқушылары сәуірде Балалар университетінде қонақ болды. Біздің студент-оқушылар оларды өздерінің робототехника, бейнелеу өнері, т.б. бағыттары бойынша ғылыми жобаларымен таныстырды.
Сонымен қатар Балалар университетінің​ студенттері KAZCUNET білім платформасындағы​ ​ материалдарды​ оқу процесіне пайдаланып, енгізу құқығына ие болды.

Балаларға арналған университеттің классикалық университеттен айырмашылығы? Балалар және университет деген екі ұғым түсініксіздеу қабылданады.

-Балаларға арналған университет – 11 мен 17 жас аралығындағы балаларға арналған ғылыми білім беру, шығармашылық және дамытушылық бағыттар бойынша қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын​ маңызды жоба.​ Сынақтар мен емтихандар ғана болмайды, қалғанының бәрі классикалық университеттегідей. Сабақтар семестрлер бойынша университеттің аудиторияларында өтеді, әр түрлі саланың белгілі ғалымдары лектор ретінде шеберлік сабақтарын өткізеді.

Балалар университетін құру идеясы Германияға тиесілі екені белгілі. Алғаш сол елде басталған білім беру формасының бірі екен. Бізде осы дайын модель бойынша құрылған ба, әлде өзімізге тән өзгешеліктер енгізілген бе?

-Ия, Германия еліне тиесілі дайын модельді көптеген ел пайдалануда. Мен​ 2007-2015 жылдары Германиядағы Munchen, Schwabisch Hall, Dusseldorf, Stuttgart университеттерінде,​ 2018 жылы Ресейдегі​ Қазан Федералды университетінде​ кәсіби тәжірибе алмасып келдім. Осы идеяны біздің университетке ұсынып,​ әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп, бұл жоба іске қосылып еді.

Балаларға арналған университет жобасының бас мақсаты жеткіншектерді ғылымға қызықтыру болар. Өйткені баланың басқа қызығушылығына орай қалада түрлі үйірмелер, секциялар жұмыс істейді. Ал балалар университетінің балалары немен шұғылданады?

-Жобаның мақсаты — балаларды қызықты және түсінікті түрде ғылыммен және заманауи технологиялармен таныстырып, заманауи мамандықтарды таңдауға бағыт-бағдар беру, зерттеушілік пен дизайнерлікке үйрету және оларды университетке түсуге дайындау.​ Жоба мектептен өзгеше білім беру әдістемесін ұсына отырып, балалардың қызығушылығын дамытуға көмектеседі. Оқушылар​ білім әлеміндегі​ бүгінгі күн талабына сай бағдарламалармен танысады.​ Мұнда баланың таланты ашылып қана қоймайды, сонымен бірге олар жастайынан болашақта мамандығын дұрыс таңдауға​ негіз жасайды.
Балалар университететінде студент-оқушылар «Бағдарламалау», «Робототехника», «Бизнес», «Құқықтану», «Шет тілдері», «Химия» және​ «Бейнелеу өнері» бағыттары бойынша теориялық және практикалық түрде білім алып,​ шеберлік сабақтарына қатысып, таңдаған бағыты бойынша халықаралық, республикалық және аймақтық ауқымдағы түрлі жарыстарға қатысады, сонымен қатар университеттің көрмелерінде өз жобаларын қорғайды, ғылыми эксперименттер​ жасайды.
Оларға білім беру саласында мол тәжірибесі бар танымал ғалымдар, сондай-ақ жан-жақты жас мамандар сабақ береді.
Алдағы жылда алдымызға жаңа мақсат қойып отырмыз. «Азық-түлік технологы»,
«Шешендік өнер» бағыттары қосылатын болады.
Сондай-ақ Балалар университетінің ғылыми орталығын ашу жоспарда. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу үшін республика деңгейіндегі ғалымдарды жобамызға тарту да ойда. Ғылыми шоулар өткізгіміз келеді.
Балалар университеті балаларды ғылымға тартудың жаңа үлгісі ретінде аймақтық білім беру ландшафтына оң әсерін беруде, бұл жоба сәтімен жалғаса бермек.

Балалар университетіне зор жетістіктер тілеймін. Балалармен жұмыс істеу әрқашан алғысты іс. Оларды лайықты өмір жолына бағыттау аса жауапкершілікті. Еңбегіңіз жемісті болсын! Аман болыңыз!

   Zhubanov University газеті, №12(480), 2022 жыл.