Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы салтанатты түрде ашылды

«Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы салтанатты түрде ашылды

2017 жылдың 30 қараша күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Тілтану ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасына арналған «Жұбанов тағылымы» ІХ халықаралық ғылыми конференциясы басталған болатын.

Конференция аясында университетте бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Университеттің бас ғимаратында «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылу рәсімі мен жаңадан жасақталған университет мұражайы таныстырылды.

Зертхананың ашылуына Құдайберген Жұбановтың ұрпақтары мен туыстары, шетелдік қонақтар, зиялы қауым өкілдері,  университет ұжымы мен мектеп оқушылары қатысты.

Жаңа мұражайды  алдымен мұражай қызметкері Гүлшара Әлібиқызы мен университет студенті көпшілікке таныстырып өтті. Содан соң қонақтар  «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығына беттеді.

Ғылыми-зерттеу орталығының салтанатты ашылуында алдымен сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы туралы сөз қозғап, аталмыш орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Әрі қарай сөз алған  Асқар Құдайбергенұлы  ғылыми конференция мен орталықтың ашылуына үлес қосқан университет ұжымына алғысын жеткізді.

Орталықтың салтанатты ашылуында Жұбановтану бейне-дәрісі, «Жұбановтар» мультимедиялық энциклопедиясы, 3D кітап форматында «Жұбанов мұрасы» виртуалды мұрағаты туралы көрсетілді. Сондай-ақ, студенттер Құдайберген Жұбановқа арналған өз өлеңдерін оқыды.

Конференция аясында «Үздік жұбановтанушы» байқауы ұйымдастырылған болатын. Эссе, ғылыми мақала, көркем сурет және музыкалық шығармалар жанрында студенттер мен магистранттар және қаладағы колледж, мектеп мұғалімдері тарапынан түскен 60-тан астам жұмыстар сарапталып, арнайы құрылған комиссия жұмыстарды анықтады. Үздік жұмыстар авторлары арнайы дипломдар мен сыйлықтармен  марапатталды.

Шара филология факультетінің студенттері орындаған Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Нұрталап Жүсіповтің «Ағайынды Жұбановтар» әнімен аяқталды.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ