Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақстандық студенттер үшін әлемдік цифрлық кітапхана қоры қолжетімді болады

Қазақстандық студенттер үшін әлемдік цифрлық кітапхана қоры қолжетімді болады

Қазақстандық жоғары оқу орындары цифрлық экожүйеге негізделген «Smart-университет» моделіне көшеді. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары оқу орындары цифрлық экожүйесі бар «Smart-университет» моделіне көшеді. Кітапханалар мен олардың жүйелерін цифрлық трансформациялау, жалпы процесте ашық білім беру платформаларын пайдалану, бизнес-процестерді цифрлық форматқа көшіру басым міндеттер болады. Барлық студенттерге әлемдік цифрлық кітапханаларға қолжетімділік беріледі. Цифрлық құзыреттер барлық білім беру және кәсіптік стандарттардың, сондай-ақ оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу кезінде оқытушы-профессорлық құрам үшін міндетті талап болады», — деп жазылған құжатта.

Бұл тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде қол жеткізілетін нәтижелер мен әр бағыт бойынша нақты индикаторлар көрсетілген.

«Тұжырымдамадағы шараларды іске асыру шетелдік студенттердің үлесін ұлғайтуға, педагогикалық зерттеулер бойынша шетелдік ғылыми тағылымдамадан өткен оқытушы-профессорлық құрам үлесін 15%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациясын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026 жылға қарай QS-WUR, ТОП-200 рейтингіне Қазақстанның 2 жоғары оқу орыны енеді. Ал ЖОО-ларда оқитын студенттердің жалпы санынан шетел студенттерінің үлесі биылғы 5%-дан, 2026 жылға дейін 7%-ға өседі. Бұған қоса, алдағы үш жылда халықаралық білім беру бағдарламаларын, шетелдік серіктестермен академиялық тәжірибе алмасуларды жүзеге асыратын отандық университеттердің үлесін 50%-ға жеткізу көзделіп отыр», — делінген тұжырымдама аясында күтілетін нәтижелер туралы түсіндірмеде.

 

/www.inform.kz/