Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Білім > Coursera әлемдік білім беру платформасы жүйесінде білім алу қолжетімді болады

Coursera әлемдік білім беру платформасы жүйесінде білім алу қолжетімді болады

Еліміздің жоғары оқу орындарының білім алушылары Coursera әлемдік білім беру платформасы жүйесінде білімін шыңдай алады.
Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отыр.
Білім алушыларға арналған бұл курстар бағдарламалау және цифрландыру, математика, физика, маркетинг және тағы да басқа өзекті салаларды қамтиды. Басым курстардың тізіміне АҚШ, Еуропа және Азияның жетекші жоғары оқу орындарының бағдарламалары кіреді.
2022-2023 оқу жылының көктемгі семестрінде Жұбанов университетінің басшылығы жоғарыда аталған курстарды оқу үдерісіне енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Айта кетейік, курстар студенттерге қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады.
Coursera дегеніміз не?
Бұл әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық алпауыттарын біріктіріп тұрған дүниедегі ең үлкен білім ұйымы. Жыл сайын платформа арқылы әлемнің 200 елінен 100 миллион адам білім нәрімен сусындайды. Мұнда 2500-ден астам курстар, жүздеген мамандықтар және 40 миллион оқушысына ұсынылатын төрт ғылыми дәреже бар. Сонымен қатар, смартфонға арналған қосымшасы да белсенді түрде жұмыс істейді. Курстардың басым көпшілігі Гарвард, Пенсильвания, Вирджиния және Мичиган университетінің білікті ұстаздарының қатысуымен жене профессорларының қолдауымен жасақталған.
Coursera платформасы оқу барысындағы олқылықтарды толтыруға және дипломдық бағдарламаларды еңбек нарығымен тікелей байланыстыруға көмектеседі. Сонымен қатар, студенттерге мансаптық мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді.