Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Жұмыс берушілердің отандық ЖОО-дың білім сапасына деген сенімі артып келеді

Жұмыс берушілердің отандық ЖОО-дың білім сапасына деген сенімі артып келеді

ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі елдегі жоғары оқу орындарының (ЖОО) 2022 жылғы рейтингін жариялады. Зерттеуді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, ЖОО білім беру бағдарламалары 19 критерий бойынша бағаланды. Рейтинг әдістемесі ашық талқылау нәтижесінде қабылданды және үнемі жетілдіріліп отырады.

«Рейтинг үш негізгі блокқа біріктірілген: түлектердің мансаптық перспективалары, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, жұмыс берушілер тарапынан қанағаттанудың өсуі байқалады, ол 67% құрады. Үш жылдағы динамика өсімі 15%, бұл жақсы нәтиже», — деді Г. Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Білім беру бағдарламаларының 82% жұмыс берушілермен келісілген және практикалық тәжірибесі бар мамандар оқу процесіне тартылған.

«Ол үшін министрлік қажетті жағдайлар жасап, тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді. Бүгінгі таңда жекелеген білім беру бағдарламаларына тартылған практик-мамандардың үлесі 71%-ға жетті. Білім беру бағдарламаларының 91% аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өтті, бұл да олардың сапасын жақсарғанын растайды», — деді спикер.