Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ынтымақтастық аясын кеңейтті

Университет ынтымақтастық аясын кеңейтті

Бүгін Жұбанов университеті мен «Бутадиен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында меморандум жасалды. Меморандумға университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров пен  «Бутадиен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Диаз Диянов қол қойды.

Сондай-ақ, іскерлік кездесуге бизнесті қолдау және HR қызметінің басшысы Арман Хайруллин, жаратылыстану факультетінің деканы Айнагүл Апендина, факультет оқытушылары қатысты.

Өндіріс басшысы Диаз Диянов қазіргі таңда «Мұнай-химия өндірісінің технологиясы» мамандығы сұранысқа ие мамандықтардың бірі екенін атап өтті. Газдар мен мұнай өнімдерін қайта өңдеуге, синтездеу және ұтымды пайдалануға бағыттау, мұнай-химия саласын дамыту  — еліміздегі өзекті экологиялық мәселелердің алдын алып, экономикамыздың дамуында маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

Кездесу барысында тараптар алдағы уақытта бірлесе атқаратын іс-шараларды талқылады. Химия-технологиялық бағыттағы қолданыстағы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, атап айтқанда, бутадиенді каучук пен резеңке ала отырып, газдарды өңдеуге бағытталған арнайы пәндерді енгізу, білім алушылардың «Бутадиенде» жыл сайын өндірістік және зерттеу практикаларынан өтуі, оқыту семинарларын, тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ «Мұнай-химия өндірісінің технологиясы», «Химиялық инжиниринг»,  «Химия» мамандықтары бойынша білім алатын студенттерді жұмысқа орналастыру мәселелері айтылды.