Вторник, Март 19, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Министр Саясат Нұрбек Ұлыбритания – Қазақстан 9-шы үкіметаралық комиссиясына қатысты

Министр Саясат Нұрбек Ұлыбритания – Қазақстан 9-шы үкіметаралық комиссиясына қатысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Жоғары білім беру саласындағы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық арқылы мемлекетаралық қатынастарды нығайту» атты Ұлыбритания-Қазақстан 9-шы Үкіметаралық комиссиясының жұмысына қатысты. Үкіметаралық комиссияның жұмысына қазақстандық және британдық университеттер де шақырылды.
Министр Саясат Нұрбек британдық әріптестерін қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің қазіргі даму тенденциялары туралы хабардар етті. Сондай-ақ ол Қазақстан үкіметі халықаралық әріптестікті кеңейту, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу үшін барлық жағдайды жасап жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ сапар барысында С.Нұрбек Ұлыбританияда білім алып жатқан «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарымен кездесті. Жоғары білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер туралы қызу әңгіме өрбіді. Өз кезегінде стипендиаттар министрмен инновациялық жобаларды құру туралы ойларымен бөлісті.
Министр С.Нұрбек пен бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары UCL School of education and society болып, факультет деканы, профессор Брэд Блитцпен және Жоғары білім беру орталығының директоры, профессор Татьяна Фумасолимен кездесті. Кездесу барысында UCL өкілдері университетте жүргізіліп жатқан зерттеулерге тоқталып, бірлескен жобалар бойынша ұсыныстарды талқылады.
Саясат Нұрбектің Де Монфорт Лестер университетінің басшылығымен кездесуінде алдағы уақыттағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.
Министрдің Times Higher Education рейтингтік агенттігінің бас директоры Фил Бейтимен кездесуі барысында университеттер үшін бірлескен оқыту семинарларын өткізу, сондай-ақ министрлік пен агенттік арасындағы қазақстандық ғылымды дамыту жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, С.Нұрбек QS атқарушы директоры Нунцио Квакареллимен қазақстандық жоғары оқу орындарының жағдайын жақсарту, сондай-ақ Future 17 жобасына қатысу мәселелерін талқылау үшін кездесті.
Майкл Каруанамен кездесуде министр Минерва университеті мен Назарбаев университеті арасындағы одан әрі ынтымақтастықты талқылады.
Жұмыс сапарының соңында қазақстандық делегация Лофборо университетінде (Лондондағы кампус) болды. Сапар барысында инновацияларды жобалау институтының директоры Мико Кориа мен стратегиялық жобалардың жетекшісі Бен Коли университеттің стратегиялық дамуы, сондай-ақ олар ынтымақтастықты жүзеге асыруға қызығушылық танытқан салалар туралы айтып берді. Сондай-ақ, корпус бойынша экскурсия өткізілді, онда делегаттар кітапхана, техникалық зертханалар және студенттердің шығармашылығына арналған орындарды аралады.
/gylym.jogarybilim/