Вторник, Март 19, 2024
Басты > Білім > Педагогикалық кластар – мамандыққа бастар жол

Педагогикалық кластар – мамандыққа бастар жол

Жұбанов университетінде оқушыларға арналған педагогикалық кластар өз жұмысын бастады. Бұл педагогикалық мамандыққа түсемін деуші оқушыларға берілген үлкен мүмкіндік болмақ.

Педагогикалық кластардың ашылуына университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, факультет декандары, қаламыздағы, қала маңындағы мектептерден 100-ге жуық оқушылар қатысты.

Оқушыларға сабақ әр сенбі күні сағат 10-нан 12-ге дейін өткізіледі. Қатысушыларға университеттің білікті оқытушылары мен психолог-мамандары мамандықты дұрыс таңдауға бағытталған түрлі тренингтер, шеберлік сабақтарын өткізетін болады. Сонымен қатар педагог мамандығы дегеніміз не, мұғалім болу үшін қандай дағдыларды игеру қажет, қандай заманауи мамандықтар бар осы секілді сұрақтар төңірегінде де оқушылар білімдерін жетілдірмек.

Педагогикалық кластардың жетекшісі Жамиля Идиеваның айтуынша, педагогикалық кластар 25 мамырға дейін жалғасады.
«Бұл жоба таңдау алдында тұрған оқушыларға бағыт-бағдар береді. Биылғы сабақтарымыз тек 11 сынып оқушыларына арналады. Жаңа оқу жылынан бастап бұл шараны 10-11 сынып оқушыларына арнап өткізуді жоспарлап отырмыз»,- дейді Жамиля Жикебайқызы.

Сабақтың алғашқы күнінде «Денсаулық және салауаттылық» орталығының психолог маманы Дина Мақсатқызы оқушыларға психологиялық тренинг жүргізді. Сондай-ақ оқушыларға мамандық жайында буклеттер, Жұбанов университетінің логотипі қойылған папка, қалам, блокнот, пакеттер берілді.

Айта кетейік, педагогикалық кластарға қаламыздағы, қала маңындағы мектептерден қатысам деуші кез келген оқушы өтініш білдіре алады. Сабақтар ақысыз. Қосымша ақпаратты +7 701 264 0606 нөмерінен алсаңыз болады.