Жоғары білім
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде алғаш рет оқытушыларға арналған «Қысқы мектеп» жобасы қолға алынды.
Университет оқытушыларының біліктілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасуы мақсатында өткізілген «Қысқы мектеп» жобасы қаңтар айында жүзеге асырылды. Себебі бұл уақытта студенттер қысқы демалысқа кетеді.
Аталған жобаға оқу орнындағы 360-тан астам оқытушы қатысты. Жоба аясында оқытушылар бірімен-бірі пікір алысып, жаңа идеяларды талқылап, ғылыми-зерттеу әдістерін игеріп, тәжірибе алмасты. «Қысқы мектепте» 8 топқа бөлінген қатысушылар арасында күнделікті форсайт сессия, тренингтер мен шеберлік сабақтары, спорттық ойындар өткізілді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова бұл жобаның маңыздылығы туралы:
— Биыл алғаш рет университетімізде «Қысқы мектеп» жобасын бастадық. Мақсат — оқытушыларымызға кәсіби дамуға және бір-бірімен тәжірибе алмасуға жағдай туғызу. Диалог алаңында жобаға қатысушылар академиялық жазу, білім беру саласындағы ІТ технологияның қолданылуы, зерттеу дағдылары, білім бағдарламаларын әзірлеудің түрлі аспектілері, ғылыми жобаларды коммерциялизациялау, интернет психологиясы, ағылшын тілін меңгеру сияқты басқа да көптеген өзекті тақырып бойынша өзара тәжірибелерімен бөлісті. Жаңа дағдыларды игеруде бұл жобаәріптестеріме пайдалы болды деген сенімдемін, — дейді.
Ал тарих ғылымдарының кандидаты, «Қысқы мектеп» жобасына қатысушы Гүлжанат Сүлейменова соңғы жылдары университетте жас мамандарды тәрбиелеуде, жалпы жастарға жаңаша серпін беретін тың бастамалар қолға алынып жатқанын айтты.
— Мәселен, биылдан бастап жаңа бағытта халықаралық ынтымақтастық негізінде Шотландия мемлекетінің Heriot-Watt University университетімен бірлескен қос дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылғалы отыр. Бұл ретте жастарға шетелден келген және өз оқу орнымыздың профессорлық-оқытушылық құрамы ағылшын тілінде білім береді және мұнай-газ саласы, электроэнергетика, компьютерлік инженерия бағыттарында білім алған жастар екі елдің қос дипломына ие болмақ. Бұл — жоғары деңгейдегі жобалардың айқын көрінісі, — дейді Гүлжанат Сүйлейменова.
«Қысқы мектеп» жобасының қатысушыларына университет оқытушыларынан бөлек, IELTS ronalyn de Claro бойынша жаттықтырушы сабақ өткізген.
Білім деңгейін жаңа сатыға көтеру арқылы білікті маман мен кемел тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін «Қысқы мектеп» жобасының салтанатты жабылуында қатысушылар мен спикерлерге арнайы сертификаттар берілді.
А.БАЛЖАНАЙ
/aqtobegazeti.kz/