Воскресенье, Сентябрь 15, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде ҚСЗИ-дың Ақтөбе облысы бойынша өңірлік өкілі тағайындалды

Жұбанов университетінде ҚСЗИ-дың Ақтөбе облысы бойынша өңірлік өкілі тағайындалды

Бүгін Жұбанов университетіне Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова келді.

Жұмыс сапары аясында «КИСИ GPS. Gylym. Pikir. Sayasat» сараптама алаңының «Аймақтық зерттеу: ҚСЗИ және университет ынтымақтастығы» тақырыбында кезекті отырысы өтті.

Кездесу барысында университет ректоры Лаура Қарабасова Институттың өңірде ашатын алғашқы өкілдігі Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, Батыс Қазақтан үшін маңызды іс-шара екенін атап өтті. Өз кезегінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов еліміздің өңірлерінде білікті мамандар жұмыс істейтініне тоқталып, Жұбанов университетімен бірлескен жоба түрінде жүзеге асырылып жатқан бұл шара ҚСЗИ-дың алғашқы тәжірибесі екенін атады.

«Жұбанов университетімен бірлескен жоба – өте жауапты қадам. Талдамалық материалдардың сапасы біздің Ақтөбедегі өкілімізбен жұмысты қалай жүргізетінімізге байланысты болады. Сапалы сараптама арқылы өңірдегі жағдайды жақсартуға нақты мүмкіндігіміз бар деп айтудан қорықпаймын. Уақытында жүзеге асырылған дұрыс идеялар белгілі бір мәселені шешу үшін бюджетті көбейтуден гөрі әлдеқайда маңызды ықпал етуі мүмкін. Өзара зерттеулік әлеуетімізді біріктіре отырып, талдаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ете аламыз деп сенемін»,- деді ҚЗСИ басшысы Еркін Тұқымов.

Жиында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Ақтөбе облысы бойынша өңірлік өкілі тағайындалды. Өңірлік өкіл ретінде Жұбанов университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Асхат Кеңесов бекітілді.

«Зерттеу орталықтарының көпшілігі, яғни беделді ірілері Астана мен Алматыда шоғырланған. «Ой орталықтары» өңірлерде жоқтың қасы десек болады. Дегенмен соңғы жылдары елімізде зерттеу орталықтарының дамуына байланысты жақсы өзгерістер болуда. Мемлекет, жеке сектор және шетелдік демеушілер қоғамдағы зерттеу орталықтарының дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Бүгінгі ҚР жанындағы ҚСЗИ мен Жұбанов университетінің ынтамақтастығы осының дәлелі»,- деп ойын білдірді өңірлік өкіл Асхат Кеңесов.

Жұбанов университеті мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының кадрлық әлеуеті және ресурстарын біріктіру аймақтық зерттеулерге серпін бермек. Институттың өңірде тұрақты өкілінің болуы аймақтағы жағдайдың үйлесімді сипатын жасау үшін шұғыл ақпарат алуға және талдауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, басқосуда қос тарап басшылығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.