Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > ҚСЗИ аймақтармен ынтымақтастықты кеңейтеді

ҚСЗИ аймақтармен ынтымақтастықты кеңейтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент жанындағы Қазақстаның стратегиялық зерттеулер институты аймақтармен ынтымақтастықты кеңейтеді.

Бұл туралы Ақтөбеде ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өткен жиында аталған институт директоры Еркін Тұқымов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара барысында Еркін Тұқымов ҚСЗИ-дің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік өкілі тағайындалғанын жария етті. Бұл қызметке Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Асхат Кеңесов бекітілді.

«Қазіргі таңда аймақтарды зерттеу маңызды. Сапалы талдау дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстанда өзекті мәселелер бар. Олардың шешу жолдарын табу керек. Дұрыс идеялар халық арасында туады. Халықтың жағдайын білетін сарапшылар керек. Заманауи зерттеулерді кабинетте емес, аймақтарда жүргізу қажет», — деді институт директоры.

Оның атап өтуінше, ҚСЗИ өңірлерде әлеуметтік көңіл-күйді бақылау үшін үнемі мониторинг жүргізіп отырады.

«Біз шиеленіс нүктелерінің қай жерде пайда болатынын көріп, проблемалардың алдын алу бойынша талдау жасап, туындаған мәселелерді шешу үшін өз ұсыныстарымызды береміз. Қызметкерлеріміз зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін түрлі аймақтарға барып тұрады. Әлеуметтанулық экспедициялардың қорытындысы бойынша облыстардың жағдайы туралы есептер мен жазбалар дайындайды. Бұл жұмыстың тиімді екенін көріп, әдістемемізді республикалық деңгейде кеңейтуді жөн көрдік. Бұл ҚСЗИ-ға «ұдайы дайындықта» болуға және ел басшылығына жергілікті деңгейдегі мәселелердің шешімдерін уақтылы ұсынуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Еркін Тұқымовтың атап өтуінше, мұндай зерттеулерді жүргізу үшін өңірлерде ҚСЗИ өкілдері болуы қажет.

«Жергілікті сарапшы жағдай туралы хабардар және мемлекеттік органдардың іс-шараларына тікелей қатыса алады. Жағдайға қанық сарапшының талдауы Батыс Қазақстанда болып жатқан үдерістердің егжей-тегжейлі сипатын алуға мүмкіндік береді», — деді ҚСЗИ басшысы.