Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құрметті профессор

Құрметті профессор

Ахмет Марат Убайдуллаұлы – Ақтөбе педагогикалық институтын (1978) математика мамандығы бойынша бітірген. 1984 жылы Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінде 01.01.02 – Дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол Ақтөбе педагогикалық институты түлектері ішінде ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алған екінші ғалым екенін атап өту керек. Сондай-ақ, 1994 жылы Ахмет Марат Убайдуллаұлы​ Украина Ғылым академиясының Математика институтында докторлық диссертациясын қорғап, Ақтөбе педагогикалық институты бойынша бірінші болып физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Профессор М.У. Ахметтің халықаралық баспаларда 270-тен астам ғылыми мақалалары мен 8 кітабы жарық көрді. Бұл мақалалардағы қосалқы авторлар қатарында Қазақстан, Түркия, АҚШ, Словакия, Ливия, Германия, Украина ғалымдары бар. Профессор 15-тен астам халықаралық конференцияларда шақырылған баяндамашы ретінде қатысқан.​ Ғалым математика бойынша 3 халықаралық ғылыми журналдың редакциялық алқасының мүшесі. 21 Ph.D. докторларын дайындады, оның ішінде соңғы үш жылда ғылыми диссертацияларын қорғаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Математика» кафедрасынан екі ізденуші: А.У.Жаманшин және З.Т.Нугаева бар.
М.У.Ахметтің ғылыми зерттеулері Түркияда ғана емес, Еуропаның бірқатар елдерінде де кеңінен қолданылады. Оның еңбектері Түркияда, Еуропада және АҚШ-та ағылшын тілінде жарық көрді. Оның нәтижелі ғылыми-зерттеу қызметінің мойындалғанын Түркиядағы ең жоғары ғылыми марапат дәлелдейді.

М.У. Ахметтің ғылыми әлеуеті ең жоғары Хирша индексі-24 көрсеткішімен расталады (Web of Science, Scopus) –бұл Қазақстандағы математиктер арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
2017 жылдан бастап Марат Ахметтің жетекшілігімен өңірлік университетте іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми инноваторлардың ғылыми мектебі құрылды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері Q1 квартилінің жоғары рейтингті ғылыми журналдарында жариялануда.

М.У. Ахмет Анкарадағы (Түркия) Таяу Шығыс техникалық университетінің (METU — Middle East Technical University) профессоры болып еңбек етуде. Математикалық теориялар жаңашылы ретінде Түркияда және шетелдерде танымал ғалымды Түркияның ғылыми-техникалық зерттеулер кеңесі 2015 жылы TÜBİTAK жоғары наградасымен марапаттады. Ғылыми награданы М.У. Ахметке Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі тапсырды. М.У. Ахмет бұл сыйлыққа математикадағы ғылыми ашылымдары, атап айтқанда дифференциалдық теңдеулер теориясы үшін ие болды.​ ​ ​

«Әрине, бұл марапат мен үшін өте маңызды оқиға. Ол жан-жақты халықаралық сараптама негізінде жаратылыстану және инженерлік ғылымдар саласында түрік ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан ғалымдарға беріледі. Мен бұл марапатқа ие болған жалғыз шетелдік болдым. Лауреаттар бизнес, өнер және саясаттың көрнекті өкілдерімен бірге жыл сайын Республика күні мерекесінде​ Президенттің Ақсарайында өтетін қабылдауларға шақырылады. Мұның бәрі Түркия үшін ғылымның маңыздылығын көрсетеді»,- дейді отандасымыз.

М.У. Ахмет 2021 жылы, Беркли қаласындағы, Кaлифорния Университетінің (University of California, Berkeley), сызықты емес динамика және басқару саласындағы аса көрнекті ғалым профессор C.S.Hsu атындағы сыйлығымен марапатталды.
2022 жылдың 15 наурызында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Ғылыми кеңесінде ғалымға университеттің Құрметті профессоры атағы берілді.

Профессор М.У. Ахметтің Түркияда, Қазақстанда, Ливияда, Сауд Арабиясында, АҚШ-та жұмыс істейтін доцент және профессор шәкірттері көп. «Менің барлық шәкірттерім дарынды және еңбекқор, олар ақылдылығымен және шығармашылық еңбекті құрметтеуімен ерекшеленетін тұлғалар. Бәрін сипаттау мүмкін емес. Сондықтан олардың кейбіріне ғана тоқталып өтейін. Ең алдымен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Математика» кафедрасының меңгерушісі Мадина Тлеубергенованы атап өткім келеді. Қазақстандық шәкірттерімнің көбеюі менің шетелдегі жұмысымның мемлекетімізге ғылыми нәтиже әкелетінінің дәлелі. Алматы, Астана, Ақтөбеде өзге шәкірттерім де бар. Сонымен қатар, жастығына қарамастан Анкарадағы TED университетінің «Математика» кафедрасын басқаратын шәкіртім Мехмет Онур Фенді де атағым келеді. Шәкірттерімнің төртеуі, профессор ғылыми атағына ие, екенін мақтанышпен айта аламын»,- дейді профессор Марат Ахмет.

Профессор М.У. Ахмет Таяу Шығыс Техникалық Университетінің профессоры қызметін атақара жүріп, Қазақстан​ үшін 2 физика-математика ғылымдарының кандидатын және 5 Ph.D. докторларын дайындады. Қазіргі таңда, олар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Назарбаев университетінде ғылыми зерттеу жұмыстарымен айнылысып, қызметтерін жалғастыруда. Бұған қоса, қазіргі уақытта, Қазақстанның 5 докторантына жетекшілік етеді.
М.У.Ахмет Канадағы Ватерлоо университеті (Waterloo University, Kanada), Франциядағы Ла-Рошель Университеті (University of La Rochelle), Сауд Арабиядағы Фахд патшасы атындағы мұнай және минералдар университеті (King Fahd University of Petroleum and Minerals), Словакия, Братиславада қаласындағы Коменский университетінде (Comenius University in Bratislava) ғылыми сапармен болған.

Гүлнара Дауылбайқызы

Zhubanov University облыстық газеті, номер 1(481),  2023 жыл.