Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті ғылыми жаңалықтарға дайын

Жұбанов университеті ғылыми жаңалықтарға дайын

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақтөбеге сапары аясында Жұбанов университетіне келіп, жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу және білім беру инфрақұрылымымен, кампусымен, бірқатар зерттеу орталықтарының жұмысымен танысты.

Ең алдымен ведомство басшысы «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми-зерттеу орталығына барды. Орталықтың жетекшісі, профессор Қуанышбек Шүңкеев зерттеу орталығының тыныс тіршілігімен және ғылыми жетістіктерімен  таныстырды.

Біздің ғылыми зертханамыздағы аппараттардың барлығы үнемі жұмыс күйінде, яғни тоқтап тұрған бірде-бір аппарат жоқ, — деп атап өтті министрмен әңгімелесу барысында профессор Қуанышбек Шүңкеев.

Министр одан кейін Инновациялық технологиялар паркін аралады. Университет ғалымдары министрге зертханалық жабдықтарды көрсетіп, қандай ғылыми жобалармен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді. Физика кафедрасының профессоры Әмірбек Бекешев ведомство басшысына композициялық материалдар жасауға мүмкіндік беретін бірегей голландиялық аспапты көрсетті.

Біз үш бағытта жұмыс істейміз: техникалық, экологиялық және биологиялық, әрине соның ішінде  экологияға да ерекше назар аударамыз. Мысалы, зауыттарымыздың техникалық қалдықтарын композиттік материалдардағы толтырғыштар ретінде қолданамыз. Біздің қалада көбінесе бетон қолданады. Бетон өнімі бұзылғаннан кейін жарамсыз болып қалады. Ал біздің материалды қайта өңдеуге және қайта пайдалануға болады, — дейді ғалым.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі қазақстандық ғылымды дамыту қажеттігін айтты.

Біздің басты міндетіміз — өңірлерде мықты ғылыми ұжымдарды қалыптастыру. Әсіресе, жас ғалымдарды қолдау ерекше маңызды. Академиялық артықшылық орталығын құру, Heriot-Watt әлемдік жетекші университетінің филиалын ашу — Ақтөбе өңіріндегі жас зерттеушілерімізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әрине, біз университеттерге ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі орталықтары ретінде баса назар аударамыз, — деді Саясат Нұрбек.

Өз кезегінде министр Саясат Нұрбекұлы Жұбанов университетінің ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады.