Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады

Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Жұбанов университетінің Ғылыми кеңес мүшелерімен арнайы кездесті.

Кездесуде Саясат Нұрбекұлы әріптестеріне қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығының  зор перспективасы туралы айтып берді.

Ведомство басшысы биыл Қазақстанда еліміздің түрлі қалаларында әлемнің жетекші университеттерінің 6 филиалын ашу жоспарланып отырғанын айтты. Атап айтқанда, Ақтөбеде Жұбанов университетінің базасында 200 жылдық тарихы бар Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады.

Heriot-Watt университеті Жұбанов университетінің  базасында  «Мұнай-газ ісі», «Энергетика», «Компьютерлік техника» (бакалавриат)  үш білім беру бағдарламасын ашады. Түлектерге Heriot-Watt университеті мен Жұбанов университетінің қос дипломы беріледі. Келесі оқу жылында талапкерлерді қабылдауды бастау жоспарда бар.

Айта кетейік, Heriot-Watt университеті Ұлыбританиядағы сегізінші көне оқу орны.

Ғылыми кеңестің  өкілдерімен кездесуде Саясат Нұрбекұлы «Мұндай мүмкіндік ғасырда бір рет берілуі мүмкін, — деп атап өтті.

Министр Ақтөбе еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі, жоғары білім беру сапасын арттыру үшін барлық мүмкіндіктері бар деп есептейді. Сондай-ақ, ол Қазақстанда Түркия, Германия, Канада, Өзбекстанның белгілі жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатынына тоқталды. Олар Ақтау, Жезқазған және Тараз қалаларында орналасады.