Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Шотландия университетінің филиалы Ақтөбеде алғашқы 300 студентті қабылдайды

Шотландия университетінің филиалы Ақтөбеде алғашқы 300 студентті қабылдайды

Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің базасында шетелдік Heriot-Watt техникалық университетінің филиалы ашылады. Биыл оған грант негізінде 300 студент қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылы экономика сұранысына сәйкес жоғары білім беру жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Heriot-Watt университетінің ректоры Марк Биггс арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында жетекші шетелдік университеттің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды.

Биылдың өзінде алғашқы 300 студент бакалавриат деңгейіндегі үш білім беру бағдарламасы бойынша оқи алады: геоинженерия, энергетика, есептеуіш техника. Әр мамандыққа 100 гранттық орын бөлінген. Түлектер Heriot-Watt университеті мен Қ.Жұбанов атындағы университеттің қос дипломына ие болады.

Ақпан айында Ұлыбританияда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Heriot-Watt университеті және Қ.Жұбанов атындағы университет арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2029 жылға қарай Қазақстанда 12 шетелдік университеттің филиалдарын ашу жоспарланып отырғанын айтқан болатын.

 

/www.inform.kz/