Среда, Май 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады

Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келді, Ақтөбе облысы әкімдігі хабарлайды. Бүгін ол Ақтөбе өңірлік университетінде болып, ғылыми кеңес мүшелерімен кездесіп, жоғары оқу орнының студенттері және профессорлық-оқытушылық құрамына дәріс оқыды.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов министрмен кездесу барысында өңірде сұранысқа ие кадрларды даярлау, ғылымды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

«Елдің бәсекеге қабілетті болуы көп жағдай¬да оның ғылыми әлеуеті мен ғалымдарына байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысын еліміздегі адами капиталды дамыту мәселелеріне арнады. Онда жаңа бастамалар туралы сөз қозғап, отандық білім және ғылым саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Осыған байланысты әр өңірде, соның ішінде жергілікті университеттерде ғалымдарға, ғылыми ізденістерге әкімшіліктер, министірліктен көңіл бөлінуде. Бірақ кез келген саланы дамытуда білікті мамандар қажет», — деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«Мен үш сүйінші жаңалықпен келдім. Біріншісі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Heriot-Watt филиалының ашылуымен байланысты. Екіншісі – ғылым моделінің өзгеруіне қатысты. Белгілі бір өңірдің экономикалық қажеттілігіне байланысты өңірлік ғылыми орталықтар, ғылым дамитын 15 ЖОО іріктелетін болады. Олардың қатарында Ақтөбе өңірлік университеті бар. 20 ақпанда біз «Жаңа мамандықтар» өңірлік атласын қалыптастыру бойынша зерттеулердің бірінші кезеңіне кірісеміз», — деген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2022 жылы Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 3 филиалы ашылғанын, ағымдағы жылы тағы 6 филиал ашу жоспарланып отырғанын, олардың бірі Ақтөбеде жұмысын бастайтынын хабарлады.

Айта кетейік, Президенттің жоғары білім беру жүйесін экономиканың сұраныстарына сай қайта форматтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2022 жылы Ералы Тоғжанов пен Heriot-Watt ректоры Марк Биггс арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында жетекші шетелдік жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Биыл алғаш рет 300 студент «Геоинженерия», «Электр энергетикасы», «Компьютерлік инженерия» сияқты бакалавриат деңгейіндегі үш білім беру бағдарламасымен оқи алады. Түлектерге Heriot-Watt университеті мен Қ.Жұбанов атындағы университеттің қос дипломы беріледі.

Ақпан айында Эдинбург қаласында өткен кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Heriot-Watt университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

«Осындай жоғары деңгейдегі филиалдың ашылуы – шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл Қазақстанның бірнеше өңірін қамтитын ірі жобалардың бірі. Бұл бастама өңіріміздің ғылыми және академиялық дамуын күшейтуге, озық ғылыми тәжірибені енгізуге және жастарымызға өз үйінен ұзамай әлемдік стандартқа сәйкес білім алуына үлкен мүмкіндік туғызатыны анық. Өңір үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау басым бағыт болып қала береді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлесіп, «Жаңа мамандықтар» аймақтық атласын құрастыру бойынша «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асыруға ниеттіміз», — деп толықтырды облыс әкімі.

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ Басқарма төрағасы Алексей Химич өңір басшылығына жоғары білікті мамандарды даярлау мәселесінде қабылданып жатқан шаралар үшін алғысын білдірді.

Оның айтуынша, 23 жыл бойы кәсіпорын өңірлік университетпен белсенді жұмыс істейді, оқу орны зауыттың мамандарға деген қажеттілігін 100 пайызға орындап отыр.

Кездесу ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ақтөбе облысының әкімдігі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті және Ақтөбе облысының кәсіпорындары арасында ғылымды дамыту жөніндегі үшжақты меморандумға қол қою рәсімімен қорытындыланды. Ғылымды дамытуға дайын кәсіпорындардың қатарында Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Коппер Технолоджи» ЖШС бар.

Маңызды құжат аясында облыс әкімдігі өндірісте ғылыми зерттеулерді енгізуді қоса алғанда, ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін кәсіпорындар және бизнесті коммуникациямен қамтамасыз ету бойынша міндеттеме алады. Университет кәсіпорындардың басшылары мен мамандарын қайта даярлауды, біліктілігін арттыруды, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырумен айналысатын болады, кәсіпорындарға жаңа технологияларды, ғылыми әзірлемелерді, жобаларды енгізуге көмектеседі. Кәсіпорындар сарапшыларды тарта отырып, өңірлік атлас жасау үшін «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыруға, білім алушыларға тәжірбиеден өтуге жағдай жасауға және т. б. ниетті.

 

/forbes.kz/