Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте шекара қызметкерлерін қолдауға арналған әлеуметтік жоба бастауын алды

Университетте шекара қызметкерлерін қолдауға арналған әлеуметтік жоба бастауын алды

Жұбанов университетінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті» Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен ынтымақтастық аясында «Қорғанысты қолдайық!» әлеуметтік жобасы бастауын алды.

Қазіргі таңда шекара қызметкерлеріне оқу орнының білікті оқытушылары тегін курс өткізуде. Курс 1 айға созылады. Әр аптада 20 қызметкерден, жалпы есеппен 80 шекара қызметкері жобаға қатысады. Бұл семинар-тренингтер барысында курсқа қатысушылар психикалық құрылымдар, олардың адам денсаулығына әсері, ішкі күйді метафоралық ассоциативті карталар арқылы  реттеу әдістері, тағы басқа дағдыларды меңгереді.

Курсты ұйымдастырушы Қосымша білім беру департаментінің мамандарының айтуынша, бұл жоба жалғасын табады. Психикалық денсаулықтың алдын алуға қатысты тақырыптарда бірнеше курстарды өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, меморандум аясында біліктілікті арттыру курстары ғана емес, алдағы уақытта конференциялар, семинарлар, кәсіби сайыстар, дөңгелек үстелдер, психологиялық тренингтер және басқа да бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, профессор-оқытушылармен бірлесе іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу, білім алушыларға құқықтық тәрбие беру, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі жүзеге асатын болады.