Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет оқытушысы Ұлыбритания түлектерінің марапатына ие болды

Университет оқытушысы Ұлыбритания түлектерінің марапатына ие болды

Жұбанов университетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының доценті, оқытушы-зерттеуші, PhD Жазира Бекжанова Британдық Кеңес жыл сайын өткізетін UK Alumni Awards (Ұлыбритания түлектері марапатының) ұлттық деңгейдегі финалисті атанды.

Марапаттау рәсімі Астана қаласында Қазақстандағы Ұлыбритания елшісінің резиденциясында өтті. Іс-шарада барлық финалистерді Ұлыбритания премьер-министрінің сауда бойынша Қазақстандағы елшісі баронесса Эмма Николсон, мәртебелі Корольдың Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстандағы Британдық Кеңестің директоры Эрик Лори құттықтады.

UK Alumni Awards әлем бойынша британдық жоғары орындарын бітірген және өз елдерін дамытуға ерекше ат салысып, үздік жетістіктер көрсетіп жүрген түлектерді марапаттайды. Әлемде 100-ден астам елдерде өткізіледі.

Айта кетейік, Жазира Бекжанова Ланкастер Университетінің (Ұлыбритания) түлегі, «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты. Ол соңғы жылдары Қазақстандағы білім беру саласындағы гендерлік теңдікті және әлеуметтік әділдікті күшейту бағытында елеулі еңбек етіп жүр. Британдық Кеңес оның жұмысына «Әлеуметтік қызмет» категориясы бойынша (Social Action Award) жоғары баға берді.

Оқытушымызды құттықтап, жұмысында табыс және сәттілік тілейміз!