Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақпан: аз жұмыс атқарылған жоқ

Ақпан: аз жұмыс атқарылған жоқ

Шолу

Қалың қар жаудырып, арасында адуын мінезін танытқан ақпан да аяғын тартты.

Бұл айда елімізде саяси науқан өрістеп, жұртшылықтың назары сайлауға ауды. Депутаттық орынға үміткерлер өз бағдарламаларын ұсынып, халық алдында өздерінің мүмкіндіктерін дәлелдеуге кірісті.

Ал күнделікті шаруа да өз алдына жүріп жатқан секілді. Сонымен…

Министрлер сапары

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өздері басқаратын салалар бойынша жақсы жаңалықтарымен бөлісті.

Бағдат Мусин облыста қолға алынған ««БІЛІМ ALL» жобасына қолдау көрсетілетінін, интернет жылдамдығы төмен ауыл мектептеріне байланыс операторлары тартылатынын жеткізді.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Heriot-Watt филиалы ашылады. Екіншіден, ғылым моделінің өзгеруіне орай белгілі бір өңірдің экономикалық қажеттілігіне байланысты іріктелетін өңірлік ғылыми орталықтар, ғылымды дамытатын жоғары оқу орындары қатарында Ақтөбе өңірлік университеті де бар екен.«Жаңа мамандықтар» өңірлік атласын қалыптастыру идеясы да Ақтөбеде кеңінен өрістемекші.

Қорғаныс министрі әскери инфрақұрылым нысандарын тексеріп, курсанттардың тәжірибе ұшуларын орындайтын далалық әуеайлағына барды.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының іс-шараларын орындау, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету және қоймалардың құрылысына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жайы ортақ әңгіме өзегіне айналды.

Парламенттік тыңдау: негізгі жобалар

Сенаттағы парламенттік тыңдауда  облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған негізгі жобалар туралы баяндады.

Өткен жылдың соңында өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Бұл жобаның маңыздылығы — нақты отбасына бағытталғандығында. Осы ретте облыстағы барлық 134 ауылдық округке скрининг жүргізіп, ауылдардың нақты экономикалық әлеуеті, азық-түлік өнімдерін өндіру-тұтыну теңгерімі анықталды. Скрининг негізінде аудандарды дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді.

«Ауыл аманаты» аясында жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауылдарды сапалы интернетпен қамту жөніндегі жобалары іске асырылып, «Bilim ALL» және «Фельдшер сөмкесі» бірегей жобалары аясында ауыл тұрғындарын сапалы біліммен және медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін тең мүмкіндіктер береді.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» аясында өңірде «Абаттандырылған ауыл» жобасы бастау алды, оны іске асыру үшін бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат та тартылатын болады.

Табысты отбасылар көбейеді

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы қолға алған «Табысты отбасы» жобасы аясында Ақтөбе, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының 143 тұрғынына жобаны сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды.

«Табысты отбасы» жобасы әртүрлі себептермен мемлекеттік қолдау алмаған әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдауға бағытталған.

Жобаға екінші лекте қатысушылар «SMM», «Автоэлектрик», «Бьюти индустрия», «Кондитер ісі», «Тігін ісі» сынды бес  бағытта оқытатын кешенді курстан өтті.

Жалпы он екі бағыт бойынша жұмыс жасайтын жобаның мүмкіндіктері өте көп. Осы жоба аясында 300 адамға мемлекеттік грант қарастырылған. «Samruk-kazyna Trust» қоры арқылы жобаны жүзеге асыруға 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.

Меже — 26 инвестициялық ірі жоба

Өткен жылы облыс экономикасына 959,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі кәсіпорындардың кен орындарын игеруге, күрделі жөндеуге, негізгі жабдықтарды сатып алуға және жаңғыртуға салған инвестициялары есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ инвестициялық 30 жоба іске асырылып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Ең ірі жобалар қатарында «Ақтөбе ЖЭО» кәсіпорны жылу электр орталығын жаңғырту, «Айс-плюс» кәсіпорны сүзбе өндіру цехын ашу, «Қожасай» кен орнында қуаты сағатына 40 мың текше метр газды кешенді дайындау қондырғысын қайта жаңартудың 2-кезеңін іске қосу жұмыстары бар.

2023 жылдың соңына дейін 70 миллиард теңгеге есептелген 26 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асырылса, 1200-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Облыс экономикасының 40 пайыздан астам үлесі өнеркәсіпке тиесілі. Ал барлық өнеркәсіптің 90 пайызы ірі және орта кәсіпорындарға байланысты. Бүгінгі таңда ай сайын облыстағы 70-ке жуық ірі және орта кәсіпорынға мониторинг жүргізіледі, жалпы өңірде өнеркәсіптердің өндіріс көлемінің өсуінде оң серпін байқалады.

Жұмыссыз жастарға — кәсіп

Жұмыссыз жүрген ауыл жастарын кәсіпке баулуға бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба облыста іске қосылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Дем» жобасы қолға алынды. Әуелі «Ауыл аманатына» енген 24 ауылдық округтің жастары арасында скрининг жүргізілді. Нәтижесінде 12 ауданнан 278 жұмыссыз анықталып, оның ішінен 22 жас жобаға қатысуға мүмкіндік алды.

Аталған жобаға «Ақбөбек» халықаралық мектебі демеушілік жасайды. Олар қатысушыларды жатын орынмен, тамақ және оқулықтармен қамтамасыз етеді.

Жобаға қатысушылар ауыл шаруашылығы, қаржылық сауаттылық, әлеуметтік-мәдениетсынды үш бағыт бойынша білім алып жатыр.

Әрбір қатысушы бекітілген тәлімгерімен бірге бизнес-жобаларын қорғап, сертификаттарға ие болады. Алған білімі мен тәжірибесін өз ауылын көркейтуге жұмсайды.

Қазақ баспасөзінің бастауы

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде  «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты тарихи танымдық іс-шара өтті.

Музейге келушілер алдымен қордағы экспонаттардан жасақталған ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі тұрмыстық бұйымдармен танысып, «Қазақ» газетінде еңбек еткен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Телжан Шонанов, Құдайберген Жұбанов, Мағжан Жұмабаев сынды ұлт зиялылары туралы сахналық қойылымды көрді.

* * *

Наурыз — көктем қақпасы. Бұл айда күн мен түн теңеліп, жарық молая түседі.

Көктемгі көп жұмысқа дайындық қазірдің өзінде қарқын алды. Дегенмен қардың күрт еруінен, су тасқынынан сақ болудың шараларын әркімнің де есте ұстағаны жөн.   

 

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

/aqtobegazeti.kz/