Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Саясат НҰРБЕК: Ғылымды коммерцияландырудың жолы көп

Саясат НҰРБЕК: Ғылымды коммерцияландырудың жолы көп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін өндірістің жаңа технологияларына бағытталуы керек екенін атап өтті. Сондықтан ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру маңызды. Оның үстіне бұл қадам қосылған құнды арттыруға, бизнестің және тұтастай елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жол ашады. Отандық ғылымды коммерцияландыру турасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕКПЕН аз-кем әңгімелескен едік.

– Саясат Нұрбекұлы, біздің жағдайымызда ғылымды коммерцияландыру үшін қандай елдер­дің тәжірибесіне сүйенген дұрыс?

– Біздің негізгі міндетіміздің бірі – ғылымды елдің индус­трия­­лық қажеттілігіне бағыттау. Бү­гінде алдымызда ғылымды қа­жет ететін экономикаға көшу мақсаты тұр. Сондықтан коммерцияландыру – болашақ ғы­лым­ның басым міндеттерінің бірі. Инновациялық өнімді нарыққа шығару іргелі зерттеулерден инновациялық биз­­несті құруға және дайын өнім­ді нарықтағы түпкілікті тұ­ты­нушыға дейін жеткізудің өте күрделі жолын қамтиды. Ха­лық­аралық тәжірибе туралы айтсақ, біз АҚШ, Германия және Финляндия сияқты үш елдің мысалын қарастырдық. Мысалы, Американың Ұлттық ғылым қоры (National Science Foundation, NSF) – ғылым мен технологияны дамытуға жауапты АҚШ үкіметі жа­нын­дағы тәуелсіз агенттік. NSF өз миссиясын негізінен уа­қыт­ша гранттар беру арқылы жү­зеге асырады. Гранттардың көбі жеке зерттеушілерге немесе шағын зерттеушілер тобына бері­леді. Қалған гранттар ғылыми орта­лықтарды қаржыландыруды қам­тамасыз етеді. Соның ішінде ғалымдар мен инженерлерге қа­жет, бірақ кез келген жергілікті топ немесе жеке зерттеушілер үшін қымбатқа түсетін «Ұжымдық пайдалану орталықтарындағы» ауқымды әрі қымбат ғылыми жабдықтар мен қызмет көрсету құралдарын ұстауға жұмсалады.

– Коммерцияландыру бағы­тында ауыз толтырып айтар қан­дай жетістіктеріміз бар?

– Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру туралы заңның қабылдануымен 2016, 2017, 2018 жылдары Ғылым қоры үш конкурс өткізді. Оған 1 270 өтінім келіп түсті, 1 мыңнан астамы сарап­тамадан өтті, 193 жоба мақұл­данды, 171 шарт жасалды, 150-ден астам жоба қолдау алды. Жоба­ларды іске асыру барысында 140 ғылымды қажетсінетін өндіріс құрылды. Оның ішінде 15 жоба экспортқа шықты және 5 жоба 1 млрд теңгеден астам сомаға сатылды. Өткен жылы жаңа конкурс ұйымдастырылды. Оның аясында 152 өтінім ұсынылып, 134-і сарап­тамадан өтті. 72 жоба ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңестердің ше­шімі бойынша мақұлданды және грант алушылармен 68 келісімшарт жасалды.

Экономика салалары бойынша жобалар портфелін негізінен агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі жо­ба­лары құрайды. Нақты салалар­дағы бизнестің сұранысына қара­мастан, машина жасау, туризм және өңдеу өнеркәсібі секторында төмен деңгей байқалады. Өңірлер бойынша ғылыми жобаларды коммерцияландыруда Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының ғалымдары белсенділік танытып келеді. Керісінше Ақтөбе және Атырау облыстарында коммерцияландыру жоқ. Бұл жалпы өңірлердегі жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Бизнесті акселерациялауды жүргізу өңір­лер­дің өндірістік секторының қажеттіліктеріне бағытталған коммерцияланатын жаңа жобалардың өсуі мен дамуының катализаторы болады деп сенеміз.

Бүгінгі таңда сатудан түскен табыс 26,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде экспорт 465,5 млн теңгеге тең. Бюджетке салық төлемдері түрінде 6 млрд теңгеден астам сома төленді. Бірлесіп қаржыландыру шамамен 6,8 млрд теңгені құрады. 1 400-ден астам адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Елдің ғылыми-техникалық дамуына жал­пы үлес шамамен 55,1 млрд теңгеге жетті. Іске асырылған 152 жобаның портфелін талдай отырып, көп жағдайда грант алушылар бизнес өкілдері екенін атап өтуге болады. Жоғары оқу орындарының нәтижесі төмен. Мұндай жағдай дайын инновациялық өнімдер мен қызметтерді сату көрсеткіштерімен айқындалады. Бизнес өкілдері ең жоғары 79 пайыздық нәтижені көрсетсе, жоғары оқу орындары тек 4,5 пайызды, ғылыми-зерттеу институттары 5 пайызды құраған, ғылыми-өндірістік орталықтардың нәтижесі 11 пайыздан сәл асады. Бұл жағдай ғылым мен бизнесті интеграциялау жұмыстарын кү­шей­ту қажетін көрсетті. Бизнес өкілдері ғалымдарға жаңа өнді­ріс­тер құра отырып, ғылыми нәти­желерді коммерцияландыру жобаларын іске асыруда барынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын, бюджетке салық түсімдерін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

– Осы орайда ғалымдарға қан­дай талаптар қойылатынын атап өткен дұрыс болар еді…

– «Цифрландыру, ғылым жә­не инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының практикалық тәжіри­бесі мен көрсеткіштерін, сондай-ақ іске асыру барысында туындайтын проблемалар мен ұсыныстарды ескере отырып конкурстық құ­жат­тама жыл сайын жаңа талап­тармен толықтырылады. Мы­салы, 2022 жылдан бастап ком­мер­цияландыру жобаларын грант­­тық қаржыландыруға ар­нал­­­ған конкурсқа қатысу сұра­тылып отырған гранттың жалпы сомасының кемінде 20 па­йыз мөлшерінде міндетті жеке қаржыландырусыз мүмкін емес. Жобаны іске асыру соңында табыс грант сомасының кемінде 10 пайызын құрауға тиіс. Жобаны іске асыру мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл ретте гранттың бері­летін сомасы 300 млн теңгеге жетуі мүмкін. Жоба жетекшісі Қазақстан азаматы болуы керек және оны іске асыру Қазақстан аумағында жүргізілуге тиіс. Жоба командасы 5 адамнан аспауы, олардың арасында коммерцияландыру жөніндегі маман болуы шарт.

Коммерцияландыруға арнал­ған грант конкурстық негізде бері­леді. Оның операторы – Ғылым қоры. Ғылыми-техникалық қыз­мет нәтижелерін гранттық қаржы­ландыруға арналған конкурс кезін­де жобаларды іріктеу үдерісі ашық түрде іске асырылады. Ол гранттық қаржыландырудың басқа конкурс­тарымен іс жүзінде бірдей стандартты кезеңдерден тұрады. Олар – өтінімдерді қабылдау, сәйкестікті тексеру, сараптама және тағы да басқа кезеңдер. Былтыр құрылған коммерцияландыру жөніндегі ма­мандандырылған Ұлттық ғылы­ми кеңес шешім шығарады. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған қаржыландыру сомасы екі есе өсті.

– Салада қандай проблемалар бар?

– Ғылыми әзірлемелерді ком­мерцияландыру есебінен техно­логиялық серпіліске кедергі кел­­тіретін бірқатар мәселе анықтал­ды. Олар – ғалымдардың биз­нес-
­құ­зы­реттерінің болмауы, ғылым мен бизнестің әлсіз байланысы, жеке қаржыландыруды іздеу мәселесі, өндіріске отандық инновацияларды енгізудің төмендігі. Осының салдарынан өңірлерде өті­німдер санының төмендеу үрді­сі байқалады. 2025 жылға дейін­гі халықтың табысын арттыру бағдар­ламасының 22-тармағының 5-тармақшасын орындау үшін ғылыми-технологиялық акселерация тұжырымдамасы әзірленді. 2023-2025 жылдарға арналған 1,5 млрд теңгеге бюджеттік өті­нім пысықталды. Ғылым қо­рын осы бизнес акселерация бағдар­ла­масының операторы етіп та­ғайындау дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Ведомствоаралық комиссия хаттамасының тапсырмаларын орындау шеңберінде 5 жол картасы әзірленді. Бүгінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақ­тау, энергетика, экология және ин­дус­триялық даму министр­лік­терімен коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін сала­лық өнеркәсіпке енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ғылым мен бизнестің интеграциясын ілгерілету үшін Іскерлік серіктестер клубы өз жұмысын жалғастырып келеді. Қазіргі таңда серіктестікке 160 қатысушы кіріп отыр. Оның ішінде 52 инвестор, 48 іскер серіктес, 30 тәлімгер, 30 лицензиат бар. Ғылым мен жобаларды коммерцияландыру туралы ақпараттар жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, әртүрлі ақпараттық порталдар, сондай-ақ Facebook, Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде талқыланады. 2022 жылы 500-ден астам жаңалық шығарылды. Өткен жылы 12 сәуірде Ғылым күні форумы аясында, 17 маусым­да Nazarbayev University-інде, 22 қыркүйекте «Самұрық-Қазына» қоры және 31 қазанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында 4 коммерцияландыру реакторы өтті. Аталған іс-шаралар нәтижесінде 31 жоба таныстырылды, байқауға 12 өтінім берілді, құны 2 млрд теңгеге жуық 7 жоба ұлттық ғылыми кеңеспен қаржыландыруға мақұлданды.

– Өнертабысты өндіріске енгізіп, табыс тауып отырған компаниялар туралы нақты мысал келтіре аласыз ба?

– Әрине. Ондай мысалдар өте көп. Мәселен, ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың табысты кейсі ретінде Жанболат Мұзбаевтың жетекшілігімен «КБ Tree Energy» ЖШС іске асыратын қауіпсіз, тиімді жел энергиясы негізінде генераторларды әзірлеу, құру және сериялық өндіру жобасын атап өтуге болады. Жобаның нәтижелері (электрмен қоректендірудің күн-жел көздері) Маңғыстау және Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарындағы шекара қызметтерінің дербес бейне­бақылау жүйелерінде орнатылған. Бұл шекарадан рұқсатсыз өту кезінде объектілерді түсіруге, ны­сандарды бақылауға және мо­ни­торинг орталығына оқиға туралы сигнал беруге арнал­ған. Сол секілді Алматы облы­сының магистралдық респуб­ликалық трассаларының бойын­да жарықтандыру мен бей­­не­­­­бақылаудың толық дербес бағана­лары орнатылды. Бұл жол­­­дың аса қауіпті учаскесіндегі жол-кө­лік оқиғаларының санын едәуір азайтуға мүмкіндік бере­ді. Қа­зіргі уақытта сатылым 134 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек Бол­гарияның «Торус БГ» компа­ниясымен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде ірі көлемде инвестиция тартылатын болды. Инвес­­тиция Алматы қаласының «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағына, «жасыл энергетика» аясында трансформаторлар мен электр стансаларын өндіру бо­йын­ша толық дербес зауыт салуға бағыт­талады.

Сондай-ақ Ғылым қоры­ның ғылыми нәтижелерді коммер­цияландыруға арналған гранттар шеңберінде Микробиология және вирусология ғылыми-өндіріс­тік орталығы және «Өнеркә­сіп­тік микробиология» ЖШС ғалым­дарының көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижесі саналатын 3 жоба іске асырылып жатыр. Олар – «Розеофунгин-АС» саңырауқұлаққа қарсы дәрілік препаратын өндіру, табиғи сүт сарысуы негізінде ашытылған сусын өндіру және отандық пробиотик өндірісі. Өзім осы кәсіпорында болып, өндірістік циклмен таныстым. Бұл жоба нарықта сұранысқа ие инновациялық отандық әзірле­ме­лердің жарқын мысалы бола алады.

– Алдағы жоба-жоспарлармен бөліссеңіз?

– Былтырғы маусымда Ұлт­тық ғылым академиясының мерей­тойлық сессиясында Прези­дент жоғары оқу орындары жанын­дағы технопарктерді қолдау бағ­дар­ламасы іске қосылатынын атап өтті. Президенттің сай­лауал­­­­­­­ды бағдарламасын іс­ке асы­­ру шеңберінде бағ­дар­ла­малық-ныса­налы қар­жы­лан­дыру қағида­лары бойын­ша конкурстық негізде универ­ситеттер жанындағы ғы­лы­ми-технологиялық парктерді дамытуға тиісті қаржыландыру бөлінетін болады. Мұндай техно­парктерді құрудың алғашқы тәжі­рибесі олардың қызметін бағалау кезінде, ең алдымен, олардың өзін өзі қам­тамасыз ету дәрежесін және тұтынушылардың кең ауқымына қызмет көрсетуге дайындығын ескеру қажет екенін көрсетті. Ал мемлекет ғылымды қажетсінетін қызметтерді (инжинирингтік, кон­салтингтік, ақпараттық және басқалар) ұсыну үшін олардың инновациялық әлеуетін қолдайтын болады. Бірыңғай үйлестіру технопарктер қызметін сүйемелдеу және дамыту, акселерация бағдар­ламаларын іске асыру арқылы Ғылым қорына берілетін болады. Сонымен қатар технопарктер мен ғылыми ұйымдардың ма­териалдық-техникалық базасын одан әрі қолдау үшін министрлік заңнамалық бастамалар шеңберінде ғылыми-инновациялық инфрақұ­рылымды дамытуға гранттық қар­жыландырудың жаңа нысанын енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлегеннен кейін тех­нологиялық парктерді қолдауды Ғылым қоры әкімшілендіру арқы­лы жүзеге асыру ұсынылады.

Белгілі бір кемшіліктерге қарамастан, орасан зор жұмыс ат­қарылғанын, айтарлықтай нәти­желер бар екенін атап өту керек. Осы ретте келесідей мәселелерді қарастыру орынды. Біріншіден, мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын (гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, коммер­цияландыруға арналған гранттар немесе басқалары) қабылдау үшін университеттердің, ғылыми ұйымдардың және стартап-ком­па­ниялардың идеялары мен әзірлемелерінің технологиялық дайындығының деңгейін (TRL) анықтау тәжірибесін енгізу, яғни техникалық тапсырманың бөлігі ретінде конкурстық құжаттамаға енгізу керек. Екіншіден, коммерцияландыру жобаларына қатысушылардың өнімдерін ілге­рілету жөніндегі салалық министрліктердің Жол карталарын тұрақты негізде толықтыру және іске асыруды қамтамасыз ету маңызды. Үшіншіден, белгіленген тәртіппен республикалық бюджет есебінен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға гранттар беру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту қажет. Төртін­шіден, Ғылым қорын 2025 жылға дейін халық кірісін арттыру бағдарламасы шеңберіндегі бизнес акселерация бағдарламасының операторы етіп белгілеу керек.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»