Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Наурыз тойын жастар бастады

Наурыз тойын жастар бастады

Ұлыстың ұлы күні

Ақтөбеде биылғы Наурыз мейрамы жастар ұйымдарының, студенттердің және ерікті жастардың қатысуымен 11 наурызда басталып кетті.

Қыстың ызғарынан гөрі көктемнің шуағы басымырақ сезілген сенбі күні ертеңгілік Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадион маңы абыр-сабырға толы болды. Облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық жастар ресурстық орталығының  ұйымдастыруымен стадион алдындағы алаңда Наурыз мейрамы аясында «Сарқыт» күні өтті. Мұнда Ақтөбедегі төрт жоғары оқу орнының, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының, түрлі қоғамдық ұйымдардың және ерікті жастардың күшімен қазақы ақ үй тігіліп, көне бұйымдар мен қолөнер туындыларынан көрмелер ұйымдастырылып, патриоттық әндер асқақтады. Бұл абыр-сабырды көрген үлкен-кіші лезде стадион алдындағы алаңға ағылды. Жан-жақтан жиылған балалар бір-бірін жатсынбай, алтыбақан теуіп, арқан тартысып, облыстық көкпар федерациясының қолдауымен әкелінген ат пен тазыны тамашалауға кіріссе, үлкендер жағы қолөнер шеберлерінің көрмелерін аралады.

Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов та қатысып, бұл бастаманың жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

Мысалы, осы мерекеде жастарға қой сою, оны жіліктеу және қонаққа қалай тарту керектігі арнайы көрсетілді.

— Қала баласы қойдың қалай сойылып, жіліктелетінін көрмей өседі, сол сияқты ата-бабаларымыз күнделікті тұрмыста қолданған келі-келсап, қолдиірмен сияқты заттардың қалай пайдаланылатынын білмейді. Осының бәрін көрсін, білсін деп, арнайы алдырдық. Сонымен қатар ер-тоқым, оның құрылымы, қалай пайдаланылатыны — бәрі нақты түрде көрсетілетін болады. Бұл көріністер осы мерекеге куә жастардың есінде қалады, сол арқылы ата-бабаларымыздың тұрмысын, тарихын білуге деген қызығушылығын оятады деп үміттенеміз, — деді бізге облыстық жастар ресурстары орталығының директоры Нұрлыбек Мусин.

Көрмеге қойылған көне бұйымдардың айналасыда ығы-жығы жұрттан босамады. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кәсіби-шығармашылық факультеті мұнда өз студенттерінің қолынан шыққан, оның ішінде батырлардың сауыты мен дулығасы да бар, түрлі әдемі бұйымдарды және факультет музейінде сақтаулы жәдігерлерді әкеліпті. Қобда ауданының Талдысай ауылынан келген Бірлік Солтанұлының сүйек пен мүйізден жасаған бұйымдарын да жұрт ерекше қызықтады.

Ал Мәртөк аудандық жастар ресурстары орталығының қызметкерлері аудандық музей қорынан арнайылап келі-келсап, ұршық пен қолдиірмен алдырыпты.

— Наурыз — жай мерекенің бірі емес, танымдық, тәрбиелік мәні зор мейрам. Жастар көне бұйымдарды кітап пен интернеттен ғана көрмей, өмірде өз көзімен де көруі керек. Сондықтан тек бүгін емес, өз ауданымызда Наурызды мерекелеу барысында да осындай шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, — деді орталық қызметкері Ұлдай Әлімбайқызы.

Мерекеде жоғары оқу орындарының студенттері, өнерлі жастар ғана емес, қалалық Мәдениет үйі жанындағы өнер ұжымдарының қатарындағы оқушы балалар да сахнаға шығып, өнер көрсетті. Көпшілікке тегін дәм ретінде 200 литр наурызкөже, палау, сондай-ақ ұлттық сусындар ұсынылды.

Жастар арасында гір көтеру, арқан тарту, қол күресі секілді жарыстар да ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен  сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, гір көтеруден жарысқа біздің ұжымнан «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның қызметкері Жақсылық Елеу де қатысып, жеңімпаз атанды.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

/aqtobegazeti.kz/