Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті Амал мерекесін тойлады

Жұбанов университеті Амал мерекесін тойлады

Бүгін Жұбанов университетінде ұлыстың ұлы күні наурыздың бастауы – Амал мерекесі ауқымды көлемде тойланды. Университет ұжымы қазақ халқының береке мен бірлікке толы мерекесінің өскелең ұрпаққа мән-маңызын ұлықтады.

Алдымен Мұхтар Арын атындағы бас ғимаратта ақ дастарқан жайылып, университет ұжымы мен білім алушылары наурыз көже мен ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Сонымен қатар жиналған қауым ұлттық нақыштағы киімдерден жасалған көрмені тамашалады. Өнерлі жастар патриоттық сарындағы әндер орындап, биші қыздар мың бұрала би биледі. Мерекелік кеште жастар жарапазан айтып, кәде сыйлар таратылды.

Университеттің Басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров қайта жаңғырған Амал мерекесінің тәрбиелік маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, бұл күні университеттің барлық оқу ғимараттарында мерекелік көңіл-күй орнады. Университет басшылығы барлық ғимараттарды аралап, дәмнен ауыз тиіп, ұжымды мерекемен құттықтады.

Амал мерекесі тағылым мен тәрбиенің қарашаңырағында ерекше сән-салтанатымен атап өтілді.