Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте студенттерге арналған заманауи кабинеттер ашылды

Университетте студенттерге арналған заманауи кабинеттер ашылды

Бүгін Жұбанов университетінің экономика және құқық факультеті базасында білім алушыларға арналған заманауи жабдықталған бірнеше кабинеттер ашылды.

Оқу орнының басшылығының айтуынша, мұндай кабинеттерді ашудағы басты мақсат — студенттердің талапқа сай білім алуына жағдай туғызу.

Болашақ заңгерлер үшін ашылған жаңа оқу кабинеті студенттерге заң пәндерін меңгеру үшін ақпараттық-құқықтық зерттеулерді пайдалана отырып, интернет бағдарламаларын еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл кабинетте кәсіби сала өкілдерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер, тренингтер өткізілетін болады.

Келесі «Бухгалтер-аналитик» кабинеті — студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға арналған. Онда 21 компьютер, интерактивті тақта, сондай-ақ компьютерлер «1:С Бухгалтерия» бағдарламасының қазіргі талапқа сай 8.3 нұсқасымен жабдықталған. Аталған кабинетте оқытушылар презентациялары бойынша бейнематериалдарды көрсете отырып, оқу процесінде «Есеп және аудит», «Қаржы» мамандығының студенттеріне практикалық сабақтар өткізе алады. Арнайы кабинетте өтетін пәндердің мақсаты — болашақ мамандарға кәсіпорын қызметін автоматтандыруға бағытталған қазіргі заманғы бағдарламаларды студенттердің игеруіне мүмкіндік жасау. Студенттердің ақпараттық базада жаңа жазбалар жасау, бұрын енгізілген жазбаларды өңдеу, қажетсіз нысандарды жою, бухгалтерлік жазбаларды әртүрлі тәсілдермен рәсімдеу және тағы басқа практикалық дағдыларды игеруіне барлық жағдай жасалған.

Сонымен қатар «Экономика және менеджмент» кафедрасы базасында «Көшбасшылық мектебі» кабинеті жасақталды. Аталмыш кабинет білім беру процесін ұйымдастыруда, атап айтқанда «Менеджмент», «Бизнес әкімшілік» мамандықтарында білім алатын студенттерге «Басқарудағы көшбасшылық», «Тайм менеджмент», «Коммуникациялық менеджмент» және тағы басқа пәндерді жаңа деңгейге меңгеруге бағыттайды. Алдағы уақытта «Көшбасшылық мектебі» кабинетінде эксперттермен шеберлік сағаттары өткізіліп, эксперттер ретінде өңірге және республикаға танымал тұлғалар, басшылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, коуч-тренерлер, стилист, имиджмейкерлер шақырылатын болады. Кабинет көшбасшылық дағдыларды қалыптастыруға қажетті барлық заманауи техникалық жабдықтармен жарақталған.

Сондай-ақ, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне арналған коворкинг-кеңістік те қолдануға берілді. Мұнда студенттер кітап оқып, өз идеялары мен жобаларын талқылай алады.