Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бейнелеу өнеріне деген үнді махаббаты

Бейнелеу өнеріне деген үнді махаббаты

Үндістан (ресми атауы – Үндістан Республикасы) Оңтүстік Азияда, Үндістан түбегінде орналасқан мемлекет. Жұрты 1 210 193 422  адамды құрайтын, өзінің ежелгі өркениетімен, аса бай мәдени ескерткіштерімен әлемге әйгілі ел. Үндістанның ізгі рухани мұрасы, жер-жаҺанға мәшҺүр махаббат күмбезі – Тәж Махалды мысалға алсақ болғаны. Әрине осы тұста үндінің терең философиялы биі мен сазы, ғажайып кинематографиясы, жұпар иісті шайы да еріксіз еске келеді.

Қазіргі Үндістан –  технология саласына инвестиция тарту бағытындағы дүние жүзіндегі ең тартымды үш елдің бірі. Мұнда ғылым мен техникаға айрықша мән беріледі. Ғылыми зерттеулер жөнінен алдыңғы қатарлы елде әсіресе ғарышты игеру саласы жақсы дамыған. Үндістанда ғарыш бағдарламалары бойынша зерттеу тұрақты өткізіледі және бұл сала бойынша ол әлемдегі жетекші бес мемлекеттің қатарында тұр.

Zhubanov University ұжымы биылғы ақпанның 13-24 аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келген, үнді елінің көрнекті өкілі, халықаралық дәрежедегі суретші-экслибрис, Kurukshetra University профессоры, Ph.D. Ракеш Банидің өнері арқылы бейнелеу өнеріне деген үнді махаббатымен танысты.

Ракеш Бани осы уақыт ішінде кәсіби-шығармашылық факультетінің «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының  7М01405, 6В01405 – «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау», 6В02102 –»Дизайн» білім беру бағдарламасының білім алушылары мен магистранттары үшін  офорт және акватинт техникасы бойынша шеберлік класын, дәріс және практикалық сабақ өткізді. Үнді суретшісі білім алушыларға графика өнерінің өзі қолданатын көркемдік мүмкіндіктерін көрсетті. Оқытушылар мен магистранттарға арнап «Шығармашылық ойлау: шығармашылықты дамыту әдістері» тақырыбында семинар өткізіп, ойларымен, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Ракеш Банидің қатысуымен «Қазіргі бейнелеу өнерін дамыту» жайлы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Ракеш Банимен Ақтөбеде облысының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметкерлері де кездесті. 21 ақпанда университеттің Студенттер сарайында профессор Ракнш Бани мен оның шәкірті «Бейнелеу өнерінің»  магистрі Ишу Джиндалдың көрмесі ашылды. Оған үнді суретшілерінің 60 үздік туындысы қойылды. Көрмені тамашалауға өнер сүйер қауым көп жиналды. Zhubanov University басшылығы қазақ ұлтының дәстүрімен Ракеш Банидың иығына шапан жауып, ескерткішке сыйлық ұсынды.

Ракеш Банидің бейнелеу өнері саласында жүргеніне 30 жыл болыпты. Осыған дейін шетелде 16 көрмесін өткізіпті. «Табиғат-VII» гравюрасы үшін Лалит Кала академиясының ұлттық сыйлығына, ІІ Халықаралық экслибрис көрмесінде бедерлі мөрмен орындалған графикалық жұмысы үшін «Құрмет тақташасына», тағы да басқа ұлттық және халықаралық жоғары марапатқа ие.

Ракеш Бани сапар бағдарламасының тығыздығына қарамастан жергілікті мәдениет пен өнер орындарын аралап, күн сайын әлеуметтік желіде әсерімен бөлісті. Оның Ақтөбеге келуіне басты дәнекер болған, әлемдік деңгейдегі суретші-әріптесі, профессор Марзия Жақсығарина тіпті оны өңірдегі табиғаты сұлу жер —  Мартөк ауылына апарып, шынайы қазақ дастарханының дәмінен  ауыз тигізді. Жылдың 365 күнінде күн шұғыласына шомылатын елдің тұрғыны Ракеш Баниді ерекше бақыт сезіміне бөлегені  Ақтөбенің ақ ұлпа қары. Оның үстіне бір айда түсуі тиіс қардың мөлшері бір күнде жауып, айнала ертегі кейіпке енді. Ракеш Бани үшін бұл ұмытылмас күндер болары хаһ. Ол ақ қарды тұңғыш қолымен ұстап көріп, жүзін аймалаған мамыққа балаша қуанды.

Үнді елінің суретшісіне қысқа тілдесуімізде қойған алғашқы сұрағым да осы табиғат көрігіне байланысты еді.

-Сіз біздің қалаға келгенде ауа-райы әдемі, балғын қарлы, керемет болды. Бұл сізді жаңа арт туындыға шабыттандыра ала ма?

-Иә, қымбаттым, Қазақстанның климаты менің Үндістанда тұратын жерімнен мүлде бөлек, сондықтан мен үшін қыс маусымдағы сапарым бір ғанибет болды. Суретшінің шабытына қоршаған ортаның сұлулығы үлкен әсер етеді ғой. Еліме барғасын ерекше әсем дүние жасай аламын деп ойлаймын.

Бейнелеу өнеріне деген сүйіспеншілігіңіз қалай пайда болды?

-Бұл сезім барлық адамдарда болады және бұл сүйіспеншіліктің менде де болуы тосын емес,  бірақ, иә, әрине, кәсіби суретшілер әртүрлі тәсілдермен, өз қиялына қарай картиналар жасай алады, мен де солай істеймін. Менің ойымша, туындыларымды тамашалаушыларға ұнайды деп ойлаймын.

Үндістанда сурет салуға құмар жастар көп пе?

— Меніңше, бұл табиғи нәрсе, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар өнерді жақсы көреді, ал халық саны бізде көп болғасын, бұл өнерді үнділер көбірек ұнатады деп айтуға болады.

Үнді живописінде трагизм жоқ, үздіксіз лирика дейді. Солай ма? Өзіңіздің қалай жұмыс істейтініңізді айтыңызшы.

-Жоқ, олай емес. Үндістандағы суретшілер өнердің барлық түрін жасайды және мен әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда үнді суретшілері эмоцияға көбірек көңіл бөлетінін білемін. Олар бар сезімін, құштарлығын өнерге салады. Негізі өнер тілі бүкіл әлемде бірдей, көркемдік дәстүрде ешқандай айырмашылық болмайды деп ойлаймын.

Көрмеңіздің ашылуында иығыңызға ұлттық шапан жабылды. Бұл құрметтің белгісі. Сізге киім ұнап қалған сияқты, шараның соңына дейін үстіңізден шешпедіңіз. Қазақтың шапаны шаңырағыңыздың төрінен орын алар деп ойлаймын.

— Иә, бүгін мен бұл костюмнің атын білдім және оны киіп тұру маған қатты қызық болды, белгісіз бір табиғи күш маған бұл костюмді соңына шейін киюге мүмкіндік берді.  Жалпы осы залда болған барлық уақытым маған ұнады.
Zhubanov University маған көрсеткен құрметтен алған эмоциям шексіз болды, алдағы биіктерге қанаттандырды. Өмірімнің осындай жарқын сәті үшін университеттің басшылығына, әріптесім, профессор Марзия Жақсығаринаға, ақтөбелік шәкірттеріме ризашылығымды айтып, алғыс білдіремін!

Гүлнара Қараша
Аудармашы Айерке Сұлтанбекова
Zhubanov University газеті,№2(482)