Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің білім алушылары Coursera онлайн курстарын тегін оқи алады

Жұбанов университетінің білім алушылары Coursera онлайн курстарын тегін оқи алады

Еліміздің жоғары оқу орындарының білім алушылары Coursera әлемдік білім беру платформасы жүйесінде білімін шыңдап жатыр. Курстар студенттерге қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Білім алушыларға арналған бұл курстар бағдарламалау және цифрландыру, математика, физика, маркетинг және тағы да басқа өзекті салаларды қамтиды.

Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылының көктемгі семестрінде Жұбанов университетінің басшылығы жоғарыда аталған курстарды оқу үдерісіне енгізу мүмкіндігін қарастырды.

Coursera сертификаты студенттерге не береді?

Coursera платформасы оқу барысындағы олқылықтарды толтыруға және дипломдық бағдарламаларды еңбек нарығымен тікелей байланыстыруға көмектеседі. Сонымен қатар, студенттерге мансаптық мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді.

Неліктен Coursera?

Біріншіден, Coursera АҚШ, Еуропа және Азияның жетекші университеттерінің бағдарламаларын қамтиды.  Екіншіден, әлемдегі жетекші жоғары оқу орындары адам өмірінің барлық салаларын қамтитын тегін оқыту курстарын ұсынатын онлайн-білім беру жобасы. Үшіншіден, курстардың басым көпшілігі Гарвард, Пенсильвания, Вирджиния және Мичиган университетінің білікті ұстаздарының қатысуымен және профессорларының қолдауымен жасақталған.

Coursera әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық алпауыттарын біріктіріп тұрған дүниедегі ең үлкен білім ұйымы. Жыл сайын платформа арқылы әлемнің 200 елінен 100 миллион адам білім нәрімен сусындайды. Мұнда 2500-ден астам курстар, жүздеген мамандықтар және 40 миллион оқушысына ұсынылатын төрт ғылыми дәреже бар. Сонымен қатар, смартфонға арналған қосымшасы да белсенді түрде жұмыс істейді.

Coursera курстары 25 өңірлік университеттерден 20 000 қазақстандық студентке қолжетімді болады деп жоспарлануда.

Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отыр.