Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шетелдік ғалым өз тәжірибесімен бөлісті

Шетелдік ғалым өз тәжірибесімен бөлісті

Жұбанов университетіне халықаралық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік ғалым Татьяна Ольховая келді.

Татьяна Ольховая — Орынбор мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы. Ғалым 109 ғылыми және ғылыми-әдістемелік жарияланымның авторы болып табылады, оның ішінде 7 монография, Scopus және WOS дерекқор журналдарындағы 15 ғылыми мақаласы жарық көрген.

Университетке сапары барысында профессор Татьяна Ольховая педагогика факультетінің оқу базасымен, «Қазақстандық педагогика тарихы» мұражайымен, университет кітапханасының жұмысымен танысып, ғылыми орталықтарды аралап көрді. «Ғылым мен бастауыш білімнің өзекті мәселелері» пәні бойынша білім алушыларға танымдық дәрістер оқыды.

Сондай-ақ, шетелдік ғалым педагогика факультетінің профессор-оқытушыларымен, докторанттарымен, магистранттарымен кездесу барысында «Университет студенттерінің білім беру траекторияларын жекеше қалыптастыру» тақырыбында авторлық дәрісін өткізді. Дәрісте ол бүгінгі жоғары оқу орындарындағы кәсіби білім берудің траекторияларын құрудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Білім мен ғылымды дамытудағы мемлекеттер арасындағы бірқатар ортақ мәселелерді шешудегі өз тәжірибесімен бөлісті.

Жиын барысында екі аптаға жуық уақыт бойы тәжірибесімен бөлісіп, екі тарап арасында білім беру кеңістігін кеңейтуге қосқан зор үлесі үшін профессорға университет басшылығының атынан Алғыс хат табысталды. Ғалым өз кезегінде алдағы уақытта да халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу жалғасын табатынына сенім білдірді.