Пятница, Март 31, 2023
Басты > Жаңалықтар > Тарихы тоқсан жылға жуық кафедра

Тарихы тоқсан жылға жуық кафедра

Zhubanov University тарих факультетінің «Тарих және дінтану» кафедрасының тарихы тоқсан жылға жуық. Ақтөбе өңіріндегі алғашқы институт (қазіргі Zhubanov University) ашылғанынан төрт жылдан соң, 1935 жылы екі жылдық тарих бөлімі ашылады. Содан бері бірнеше рет атауы өзгеріп отырғанмен, бұл кафедраның еліміздің батыс аймағына жоғары білікті тарихшы мамандар даярлауда үлесі мол. Кафедраны бүгінде республика көлемінде білікті тарихшы тізіміндегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Болатқызы Ізбасарова басқарады.

Г. Б.Ізбасарова «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2012» атағының,​ «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері ( 2014-2018 жж.).
Еуропалық Орталық Азияны зерттеу қоғамының (ESCAS), Орталық Еуразияны зерттеу қоғамының (Солтүстік Америка тарихшылар қауымдастығы CESS), Славян, Шығыс Еуропа және Еуразиялық зерттеулер қауымдастығының (ASEEES) мүшесі.

«Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер» басым бағыты бойынша министрліктен қаржыландырылатын (2021-2023 жж) «XVIII – ХХ ғғ. 30-шы жж. Ұлы даланың тарихи тұлғалары (Батыс Қазақстан материалдары негізінде)» ғылыми грантының жетекшісі.

Ғалым 2022 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Әңгімелескен Гүлнара Дауылбайқызы.

Гүлбану Болатқызы, кафедраның қазіргі жұмысы туралы таныстырсаңыз, қандай жақсы жаңалықтарымен бөлісер едіңіз?

-Кафедраның ғылыми әлеуеті жоғары. Мұнда 4 тарих ғылымының докторы, 11 тарих ғылымының кандидаты, 7 магистр жұмыс істейді.

Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, HAMК қолданбалы ғылымдар университеті (Häme University, Финляндия) және Назарбаев университетінің бірлескен «Педагогикалық білім әлеуетін күшейту» жобасына қатысудамыз. Жобаға 130 маман қатыстырылған, олар 16 жоғары оқу орны өкілдері, бәріміз 30 жаңа, инновациялық білім беру бағдарламасын әзірлеудеміз.
Біздің университет педагогикалық бағыт бойынша «Тарих-қоғамтану» білім беру бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыруда көшбасшы, өзім жетекшілік етудемін. Алғашқы нәтижелер 2022 жылғы 18-19 тамызда ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім форумы аясында «Қазақстан Республикасында педагог кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу» секциялық отырысында ұсынылды.
Жобада жұмыс істеу кезеңінде 2021 жылдың 16-26 қарашасында Финляндиядағы Häme  Visamaki.University-де​ оқып келдім.

«Тарих-қоғамтану» білім беру бағдарламасы педагогикалық және тарихи білім беруді, білім беру ұйымдарында (мектептерде, колледждерде, лицейлерде) оқу-әдістемелік процесті ұйымдастыратын кадрларды даярлауға бағытталған.
«Тарих және қоғамтану» ББ 240 кредиттен тұрады. Білім беру бағдарламасына педагогикалық тәжірибені қоса алғанда, 60 кредиттен тұратын педагогикалық компоненті қосылған.
Пәндік компонент 112 кредиттен, 5 модульден тұрады: «Тарихтың бірлігі мен көптүрлілігі және оның тұжырымдамалары» (көлемі -24 кредит), «Қазақстан тарихы. Құндылықтар мен тәсілдер» (көлемі -27 кредит), «Қолданбалы тарих» (көлемі — 24 кредит), «Тарихтағы ғылыми-зерттеу жұмысы» (көлемі -20 кредит), «Қоғам. Құқық. Дін» (көлемі -17 кредит). ББ жоба жұмысын қорғаумен аяқталады.
Білім беру бағдарламасы құқық, дінтану негіздері сынды пәндерді оқытуға білімді, білікті тарих пәні мұғалімдерін қажет ететін, орта мектептің сұранысын ескере отырып жасалған.

Даярланып отырған жаңа «Қоғам.Құқық. Дін»​ модулі әлеуметтік ғылымдардың негіздерін (философия, әлеуметтік психология, құқықтану, дінтану, саясаттану және т.б.) қамтиды және әлеуметтік, экономикалық, саяси, рухани салалардағы​ мәселелерді тиімді шешуге қажетті арнайы білім беру мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

«Тарих және қоғамтану» ББ – жаңа бағдарлама. Оның бірегейлігі – сыни тарихи ойлау мен сананы қалыптастыруға бағытталған, үйлесімді таңдалған пәндердің симбиозын қамтитын интеграцияланған бағдарлама екендігінде. Бұл бүгінгі күннің сұранысына қажетті мамандарды даярлауда ерекше маңызды.

Білім беру бағдарламасын әзірлеу проблемалық бағытқа, пәндерді таңдау тарих пен қоғамның өзекті мәселелеріне негізделеді. Ғылыми-зерттеу жұмысы ББ-ның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады, ғылыми-зерттеу пәнаралық көзқарасқа негізделеді, ал ғылыми-зерттеу құзыреттілігін қалыптастыру көптеген пәндермен біріктірілген.

«Тарих-қоғамтану» білім беру бағдарламасы студенттерге бағытталған, сондықтан пәндердің​ 40℅ таңдауға беріліп отыр.​ ББ педагогикалық, жалпы мәдени құзыреттіліктермен қатар келесі пәндік құзыреттерді қалыптастырады: іргелі тарихи процестерді түсіну, азаматтық құзыреттіліктер, зерттеушілік құзыреттіліктер.

Бұл ББ конструктивті үйлестіру қағидаттары негізінде әзірленген, мұнда оқыту және бағалау әдістері, пәндерді жоғарыда аталған құзыреттерге қол жеткізу мен өлшеуді қамтамасыз ететіндей етіп таңдалады.

Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада», — деген еді. Осы іске ақтөбелік тарихшылар да үлес қосып жатыр ма?

-Үлесімізді қосып жатырмыз. 7 томдық​ «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымы әзірленуде.​

5 томы «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы (XVIII – ХХ ғ. басы)» деп аталады. Мен «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихының революцияға дейінгі және кеңестік дәуірдегі тарихнамасы», «Ресей архивтеріндегі Қазақ Даласы бойынша деректер», «1824 жылы Орынбор өлкесінің әкімшілігін өзгерту және Кіші жүздегі хан билігі институтын жою туралы Азия істері комитетінің бекітілген қорытындысы» атты тарауларды дайындадым. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бегімбаева Жібек Сағымбайқызы осы 5 томның «ХІХ ғасырдың 2-жартысы – ХХ ғ.басындағы ғылыми қоғамдар мен мекемелердің қызметі» бөлімінің авторы. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бекназаров Рахым Ағыбайұлы қазақ халқының этнографиясына арналған 7 томның «Қазақтардың кәсіпшілігі мен қолөнері» тарауындағы «Тас және ағаштан жасалған бұйым және оларды өңдеу» бөлімінің авторы.

Соңғы жылдары ғылым жолыңызда аймақтық маңызы бар көп жұмыстар тындырып жатқаныңызды білеміз. Айтып берсеңіз.

-Осы уақытқа дейін Ресей империясының​ көшпелі халықтарға қатысты жүргізген саясатының бірізділігі,​ қазақ даласын​ түпкілікті өз кеңістігіне қосу үшін енгізген 1824 және 1844 жылдардағы реформалары сияқты маңызды оқиғалар толық зерттелмеген. Соның ішінде, осы реформаларды жүзеге асыру үшін,​ әртүрлі институттардың құрылуы, қазақ элитасының жаңа трансформацияға ұшырауы, ресей чиновниктерінің Қазақ Даласы және оны басқарып отырған Шыңғыс хан ұрпақтары, Ұлы даладағы сот жүйесі және т.б.туралы информацияларды жинап, ғылыми айналымға енгізу қажет. Осы бағытта еңбектеніп, қазіргі күні 3 монографиям жарық көрді.
Кеңестік кезең тарихнамасында қалыптасқан хан билігі, сұлтан-билеушілер институтына деген теріс көзқарас, ескі түсініктер бүгінгі күні қайта қарауды талап етеді. Тарих ғылымының қазіргі даму деңгейі Ресей империясының саясатын, тәжірибесін басқа империялардың өз құрамындағы және шет аймақтарда​ жүргізген саясаттарымен салыстырмалы түрде зерттеуді қажет етеді.

Сондықтан қазіргі күні башқұрт, қалмақ, Кавказ халықтарына байланысты жүргізілген Ресей империясының саясаты​ Кіші жүз қазақтарының даласында іске асқан саясатпен байланыстырылып зерттеледі, шет аймақтардағы халықтардың орталыққа қарсы бірігіп бас көтеруі, элитаның халық мүддесін қорғауы туралы мәселелер қарастырылуда.​ ​ Ресей империясының жүргізген​ саясатына​ қазақтар мен оның элитасының «көзімен» қарау керек, үкімет шешімдерін жүзеге асыруға атсалысқан тұлғаларды анықтап,​ олардың мотивтерін, әлеуметтік жағдайын, руластарының оларға деген көзқарасын білу; жергілікті бастамалардың саяси бағыттың қалыптасуы мен жүзеге асуына әсерін зерттеу; өмір сүру жағдайының өзгеруіне байланысты қазақ қоғамындағы «аманат», «шекара» ұғымдарының өзгеруі зерттелуде.​ Ел үшін қызмет еткен тұлғалардың​ аты анықталып, еңбектерін зерттеуді қолға алдық.

Zhubanov University газеті, №2(482)