Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет магистранты Amazon компаниясы жобасына қатысу мүмкіндігін иеленді

Университет магистранты Amazon компаниясы жобасына қатысу мүмкіндігін иеленді

Жұбанов университетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 1 курс магистранты Ноян Кужербаев Amazon компаниясының ауқымды халықаралық OpenSearch жобасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Ноян Кужербаев Amazon компаниясының жобасына ашық байқауға өтініш жолдау арқылы қатысқан. Ол келешекте ақпараттық жүйелер саласында жетекшілік қызметте болуды көздейді. Алдағы мақсаты бұл жобадан тәжірибе жинақтап, мансап жолына пайдалану.

Қазіргі таңда бұл жоба бойынша Қазақстандық 100 жоғары білім алушы жұмыс істей бастаған. «Ақпараттық технологиялар» мамандығында білім  алатын қазақстандық үздік жастар үш ай бойы Amazon компаниясы мамандарының жетекшілігімен OpenSearch бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, деректер репозиторийлерінің кең бағыты бойынша бастапқы кодқа өзгерістер мен жақсартулар енгізеді.

Бағдарлама студенттердің өз портфолиосына халықаралық жобаларда жұмыс істеу бойынша трек рекордын (басқару нәтижелерін) жасауға, Amazon компаниясының мамандарымен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Корпорация тәлімгерлерінің ұсынымдары мен пікірлері бойынша жобаға қатысушылар болашақта Amazon компаниясында тағылымдамадан өтуге, сондай-ақ жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

AMAZON — Америкалық алпауыт компания. Ол 1994 жылы құрылған. Атауы дүние жүзіндегі ең суы мол өзен-Амазонканың құрметіне қойылған.

Айта кетейік, 2022 жылдың соңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon компаниясы арасында Жоғары білім беру саласындағы перспективалық ынтымақтастық, студенттердің оқу процесінде инновацияларды енгізу және мансабын бастау үшін қажетті дағдыларды игеру мүмкіндіктерін кеңейту туралы меморандумға қол қойылды.