Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Абызға айналған адам

Абызға айналған адам

Сырттай қарағанда көпшілік жұрттан дараланып көрініп тұратын еңсегей бойлы, алып денелі, тас мүсіндей қашалған келбеті бірден көзге шалынатын осы бір адамның парасат-пайымы әманда тыңдаушысын таңдандырып, өзіне тартып тұратын.

Ол үлкен ғалым, білгір философ, салмақты саясаткер, қоғам қайраткері еді. Оның сөзіне ел құлақ түріп, айтарын елеңдеп күтіп отыратын-ды.

Осындай ерекше қасиеттерге ие болып, халық қалаулысына айналған академик Амангелді Айталының арамыздан алыстағанына да жүз күн болыпты. 

Өрісті өмірбаян

Жалпы жұрт ақтөбелік деп таныған Амангелді Әбдірахманұлы негізінде Ресей жерінде, Астрахан облысы Володар ауданының Болдырево деген селосында, соғыс басталардан бірер жыл бұрын, 1939 жылдың 10 қыркүйегінде дүниеге келген.

Бір ерекшелігі, ауылдың атауы орысша болғанымен, тұрғындары бір-екі татар мен кәріс отбасыларын есептемегенде, түгелдей дерлік қазақтар екен.

Қырқыншы жылдардың басында бес жүздей тұрғыны бар, шағын-шағын төрт көшеден құралған село Красный деп аталыпты. Осы ауылда туып-өскен оның әкесі Әбдірахман ел қорғау үшін қолына қару алып, майданға аттанады. Шешесі колхозда еңбек етеді. Осындай жағдайда өсіп келе жатқан балада еркелік, молшылық деген қайдан бола қойсын. Өзі де бір естелігінде: «Менің балалық шағым өте қиын жағдайда өтті ғой. Ол кездегі арманым тойып тамақ ішсем, тойып нан жесем, тоңбайтын киім кисем болды» деп еске алған-ды кейінде қалған кезеңдерін.

Соған қарамастан, ол бала кезінен сабағына ұқыпты болып, жақсы оқушы болуға ұмтылған сыңайлы. 1959 жылы өзі туып-өскен өңірдегі Марфин ауданы, Қызылтаң ауылының мектебінде бастауыш сыныбының мұғалімі болған.

Жиырма жасында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті болған ол қалған өмірінің осы өңірмен тығыз байланыста болатынын білді ме екен?! Институтты жақсы бітірген жас маман Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқиды. Ол осылайша ұстаздық пен ғылым жолына қатар бет қояды. Алдымен өзі түлеп ұшқан педагогика институтта аға оқытушы болып еңбек жолын бастайды. Арада бірер жыл өткенде философия және ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі, шамалы кейінірек ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болып қызмет атқарады.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланғанда ол есімі елге танылған, жоғары оқу саласында, білім мен ғылымда өзіндік орны бар, қоғамдық-саяси өмірде өзіндік ұстанымымен танылған, бір сөзбен түйіндегенде, салиқалы саясаткер деңгейіне көтерілген тұлға болатын.

Жетпістің үстіне енді шыққан тұсында журналистерге берген бір сұхбатында ол былай деген еді: «Мен Қазақстанға жиырма жасымда келдім. Елу жылдан астам мен елімдемін. Бірақ әзілдеп «оралманмын» деп айтамын. Енді елдің тарихын білу, тілін, мәдениетін меңгеру — бәрімізге тиесілі міндет. Мен өскен жер Ресей деп айтылғанымен, ол да қазақтың жері. Шекараны бөлгенде, шекараның арғы жағында қалып қойған қазақтар ғой. Астрахандағы қазақтар «өз жерімізде отырмыз» дейді. Енді тағдыр осылай болды. Жер бөліскенде олар арғы жақта қалған. Менің бір айтатыным, тіпті маған ол жақтан алтын тақ ұсынса да бармас едім. Себебі менің өз Қазақстаным бар, өзімнің шаңырағым бар. Маған осында жақсы».

Ол екі шақырылымдағы өзінің депутаттық міндетін адал атқарған соң ұстаздық қызметіне қайта оралды. Бастапқыда Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, одан кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры ретінде жастарға дәріс берді. Сондай-ақ өзінің туған институтында «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдылық әлеуметтік мәселелерін зерттеу» орталығының жетекшісі ретінде тәлім мен тағылымның үйлесімді өрістеуіне жол ашты.

ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, философия ғылымының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Амангелді Айталының өнегелі өмірбаянының біз қысқаша тұжырымдаған нұсқасы осындай.

Айтылып қалған сөз еді…

«Айтпаса сөздің атасы өледі». Бұл халықтық қағиданы Амангелді аға қай кезде де берік ұстанды. Көкейге келген парасатты пайымын іркіп қалған жері болмаса керек. Салмақты етіп айтады, даурықпаға салмайды, сондықтан да айтқандары жүйесін тауып жатады.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ұлты қазақ депутаттарының орыстілдігі, орысқолдығы ұлттық нигилизмнің ерекше көрінісі, оған қазақ халқының  наразылығы да белгілі. Неге екені түсініксіз, сол депутаттарды сайлаған — халқының өзі. Бүгін де сол кесел жалғасып келеді, бірақ депутаттарды енді халық емес, партия көсемдері тізімінен таңдап алады, олар әлі де орыстілділерге аса зор артықшылық береді…».

Бұл — оның осыдан он жылдың ар жағында айтылған жанайқайы! Содан бері қаншама уақыт өтті, бұл салада азды-көпті ілгерілеу болса, онда сол Амангелді ағамыздың да азды-көпті еңбегі бар екенін мойындауымыз керек шығар.

2012 жылы еліміздің оңтүстік өңірінде «Алашорда» ұлттық үкіметінің 95 жылдығына орай өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан ол осы ауқымдағы өз ойларын былай саралайды: «Алаш» деген өзі күрделі ұғым және «Алаш» интеллегенциясы заманындағы терең білімді ұлт мәселесі, жер мәселесі, отбасы, заң, мемлекеттік құрылым, мәдениет — баршасы зерттелген. Бір өкініштісі, біз әлі күнге «Алаш» арыстандарына лайықты құрмет көрсете алмай жүрміз. Олардың еңбектері кешеге дейін «тұтқында» болды. Аттары аталмады. Аталса да оларды бір жексұрын етіп көрсетуге тырысты…

Сол салқындық әлі де бар. …олар туралы Қазақстан тарихының өзінде де дұрыс мән беріліп жатқан жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ «Алаш» зиялыларының алдында үлкен өзінің міндетін, парызын орындауға тиіс».

«Біздің депутаттар — Алаш кәсіпкерлері, ал кәсіпкерлік —  өз алдына ауыр жүк, өте қиын шаруа. Депутаттар Парламентте жүрсе де кәсіпкерлік ісімен айналысады. Біз оларға қоса ұлт аманатын артып отырмыз. Әлемдік тәжірибеде кәсіпкерлер Парламентке ұмтылмайды, олардың мүддесін заңдар арқылы саясаткерлер қолдайды».

Бұл да Амангелді Айталының өзіне тән ой ерекшелігі.

Қоғамымыздағы әркезде алдымыздан шығатын түйіні күрделі шаруалардың бірі — ұлтаралық қатынастар жайы. Бұл тұрғыда да ғалымның айтары аз емес еді. Кешегі Қордай оқиғасы тұсында да байыпты ойларын ортаға салды.

«…ұлттық намыс сабыр мен ақылға сүйенбей, ашу мен кек алуға бет алса, онда ойранға ұласады. Махатма Ганди «Кек адамды топас етеді» деген. Еліміздің болашағы ұлт мәселесімен байланысты бола береді. Әлеуметтік, экономикалық, рухани мәселелер әркезде де ұлттық сипат алып, барлық іс-әрекеттің шешілуіне не қолдау, не тосқауыл болатыны да белгілі. Дегенмен ұлтаралық ахуал әлі де тоталитарлық жүйенің ұлтсыздану саясатының ызғарынан толық арыла алмай келеді. Әлі де ұлт десе үркіп, тосырқап қарайтындар, ашық болмаса да іштей қарсылық білдірушілер жетерлік.

Ұлтаралық саясат бүгін тек ел ішінде тыныштық болсын дегеннен үлкен стратегиялық мәселеге айналуы керек. Біздің айнымас мұратымыз — әділдік пен келісім» деп көп көкейінен шығатын салмақты тұжырымымен бір мәселеге нүкте қойғандай болып еді.

Жалпы, аузы дуалы Айталының айтқан сөздері аз емес. Болашақта мұның бәрі жинақталып, бәлкім, келер ұрпақтың игілігіне асып жатса, оны ешкім де артық көрмесі анық.

Ел пікірі: Ерекше тұлға болатын…

Амангелді ағаның дүниеден өтуі көптің қабырғасын қайыстырды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әлеуметтік желілерде оның азаматтық тұлғасын асқақтатқан, қадірін сездірген көптеген ой-пікірлер айтылып жатты.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің II және III шақырылымдарының депутаты Амангелді Айталының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

Онда: «Амангелді Әбдірахманұлы ұзақ жылдар бойы білім және ғылым саласында жемісті жұмыс істеді. Соның ішінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында жоғары білікті мамандар даярлау ісіне мол еңбек сіңірді. Мәжіліс депутаты болған кезінде отандық заңнаманы жетілдіруге және парламентаризмді дамытуға атсалысты. Қажырлы қызметімен еліміздің өркендеп дамуына өз үлесін қосып, соңына жарқын із қалдырған Амангелді Әбдірахманұлының есімі мен бейнесі ұмытылмайды» деп айтылды. Осылайша Мемлекет басшысы елімізге танымал тұлғаның еңбегіне лайықты бағасын да берді.

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Парламентте өткен бес жыл ішінде Амангелді Айталы — ел мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл — қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстарының өзі оның абырой-атағын биікке көтерді. Амангелді Айталыны халық қаһарманы деуге әбден лайық. Халық мүддесін ардақтаған азаматқа сенім мол» депті кезінде.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов былай деп жазды: «Амангелді Айталы Парламенттің қос шақырылымында да депутат болды. Ол ақыл-парасаты мол, жан-жақты, терең білімді, білгір жан болды. Әрбір мәселені тереңінен ойлайтын. Сол өзі көтерген мәселесіне үлкен мән беріп, істің мән-жайына тереңінен бойлайтын. Қазақ десе — жан-тәнімен беріліп, ұлтының бүгіні мен келешегі жайлы небір кесек-кесек ой-пікірлері мен ұсыныстарын ашық айтты. Алаштың Амангелдісі осындай айтулы азаматтың бірі де бірегейі, нар тұлғамыз еді».

Осылайша Парламент қабырғасында оның әріптесі болған, азаматты жақсы білетін ол «Алаштың Амангелдісі» деген теңеуді ұсыныпты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Уәлихан Қалижан «Зиялылардың зиялысы еді» деп алып, ойын былайша жалғастырыпты: «Амангелді Айталы — қазақ гуманитарлық ғылымындағы ірі тұлға. Ұстаз әрі қоғам қайраткері. Ол кісімен бірге Парламент Мәжілісі мен Сенаттың қабырғасында қызмет істеу бақыты бұйырған екен.

Бірде «Кім білмейді Ақтөбеде Айталыны? Қазақтың мұң-зары ғой айтатыны» деп өлеңдеткенімде, сондай риза болып: «Бұдан артық маған қандай баға беріледі? Арғы жағы керегі жоқ» деп риясыз күлгені бар».

Парламент Мәжілісінің I шақырылымының депутаты, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Төлеген Қуанышев: «Қазақ халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да арыстарымыздың салып кеткен дара жолын жалғастырған ұлт зиялылары бар. Қашанда ұлттық мүддені, елдік мақсатты бірінші орынға қойған нар тұлғалы азаматтарымыздың бірі осы Амангелді Айталы екені даусыз!» деп үлкен ұстазға деген сүйіспеншілігін білдіріпті.

* * *

Абыз атауы бастапқыда бірыңғай діни тұрғыда сипатталғанымен, уақыт өте келе мағынасын кеңейтіп, ерекше түйсік, сезгіш сана иесі, ал абыздық — дəстүр əрі білім мектебі, рухани құндылық өзегіне айналған ерекше құбылыс деп бағаланды.

Заманында Қорасанды билеген, ежелгі Салжұқ мемлекетінің сұлтаны болған Санжар «Кей адам білім биігіне тынымсыз еңбекпен жетеді. Енді біреулердің жүрегіне Жаратушының өзі білім нұрын құяды. Осы екеуін ұштастыра білген адам ғана нағыз абыз бола алмақ» деп тұжырым жасаған екен.

Ғибратты ғұмырында білім-ғылым жолында жан аямай еңбек еткен, өмірлік өнегелі ұстанымын тіршілік тәжірибесімен ұштастырып, қоғамымыздың өркениетті өрістерге бет алуына қыруар қызмет жааған, елдіктің туын жоғары көтеруге ұлағатымен үлгі көрсеткен академик Амангелді Айталыны абыз демей кім дерсің!?

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

/aqtobegazeti.kz/