Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тиімді ынтымақтастықтың жаңа серпіні

Тиімді ынтымақтастықтың жаңа серпіні

Бүгін Конфуций Институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, Хоу Цзе мырза ҚХР Халықаралық қытай тілі білім беру қоры басқармасының басшысы Ян Вэй мырзаның атынан Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасоваға Конфуций Институтының сенім хатын табыстады.

Сенім хат негізінде Жұбанов университеті Конфуций институтын басқару құқығына толық ие. Алдағы уақытта Синьцзян қаржы-экономикалық университетімен бірлесе Қазақстан мен Қытай арасындағы білім-ғылым бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін оқыту және екі елдің достық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында жұмыстар жалғасатын болады.

Қазіргі таңда Конфуций институты екі елдің білім беру саласында айтарлықтай үлес қосып отыр. Институт қабырғасында университеттің студенттері мен қала тұрғындарына қытай тілі курстарын ұйымдастырып, халықаралық қытай тілі деңгейін анықтайтың HSK емтиханын өткізіп келеді.

ҚХР Пекин тестілеу орталығының шешімімен 2 жыл қатарынан Жұбанов университеті ең үздік HSK,HSKK тестілеу орталығы деп танылды.

Айта кетейік, жыл сайын Конфуций институты жергілікті білім алушыларға грант негізінде Қытай университеттерінде «Халықаралық қытай тілі» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, Phd докторантура бағдарламасы бойынша білім алуына мүмкіндік жасайды. Осы ретте HSK емтиханынан сәтті өткен университеттің «Аударма ісі» мамандығының жеті студенті Конфуций институтының бір жыл тілдік және магистратура бағдарламасының білім гранттарына өтініш берді. Барлық талапқа сай келген жағдайда олар қыркүйек айынан бастап Синьцзян қаржы-экономикалық университетінде тегін білім алатын болады.