Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте академиялық артықшылық орталығы ашылады

Университетте академиялық артықшылық орталығы ашылады

Жұбанов университетінде ғалымдардың, жас зерттеушілердің ғылыми ұстаханасына айналатын Академиялық артықшылық орталығы жасақталуда. Орталық базасында 6 зертхана ашылады деп жоспарланып отыр.

Атап айтсақ,
“Материалтану” зертханасы;
“Киберқауіпсіздік” зертханасы;
“Деректерді талдау және нейрондық желілер” зертханасы;
“Химиялық технология” зертханасы;
“Ақпараттық-өлшеу жүйелері” зертханасы;
“Материалдарды металлургиялық өңдеу” зертханасы.

Академиялық артықшылық орталығында университеттің жетекші ғалымдары ғылыми әзірлемелермен жұмыс жасайтын болады. Ал студенттер заманауи цифрлық жабдықта тәжірибе жинақтайды. Сондай-ақ, зертханалар базасында қала және облыс кәсіпорындарының қызметкерлері біліктілігін арттыра алады. Академиялық артықшылық орталығының басты идеясы: ғылым мен өндіріс арасында байланыс орнату, өндірісті интеграциялау арқылы сапалы кадрлар даярлау.

— Ақтөбе өңірі — бұл, ең алдымен, Батыс Қазақстандағы индустриялық орталық. Ғылым сала үшін жұмыс істеуі керек. Осылайша, біз білім мен өндірісті жаңа деңгейге көтере аламыз. Жұбанов университетінде мықты ғылыми кадрлар шоғыры қалыптасқан. Біздің ғалымдар келешекте металдардың жаңа қорытпаларын, өндірістік қалдықтарды жоюдың экологиялық тәсілдерін ойлап табатын болар немесе басқа да жаңалықтар ашуы мүмкін. Университеттің профессор-оқытушыларын жаңа жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын үйрену үшін жетекші отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына біліктілікті арттыру курстарына жіберуді жоспарлап отырмыз. “Академиялық артықшылық” орталығы жобасы бойынша университеттің қызметкерлері мен оқытушыларынан құралған үлкен ұжым жұмыс жасауда, — деп атап өтті Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Нұргүл Жантурина.

Жаңа жоба құзыретті мамандарды даярлау, өнеркәсіп қызметін цифрландыру, IT-сервистерді құру, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру және ғылыми әлеуетті дамыту сияқты мәселелерді шешеді. Университеттің Инновациялық технологиялар паркі базасында “Академиялық артықшылық” орталығының жұмысы екі бағыт бойынша жүргізіледі: жаратылыстану-техникалық ғылымдар және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.