Суббота, Июль 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлыбританиялық ғалым Жұбанов университетінде дәріс оқиды

Ұлыбританиялық ғалым Жұбанов университетінде дәріс оқиды

Жұбанов университетіне арнайы шақыртумен белгілі Ұлыбританиялық ғалым Виталий Хуторянский келді. Ол екі аптаға жуық уақыт бойы оқу орнында «Органикалық химияның заманауи мәселелері» пәні бойынша дәрістер, семинарлар және оқыту тренингтерін өткізетін болады.

Шетелдік ғалым университет оқытушылары мен білім алушыларына бірнеше дәріс өткізіп үлгерді. Дәріс барысында ғалым өзінің ғылымға саяхаты, Рединг университетіндегі оқу туралы, сонымен қатар ғылыми журналдарға мақала жазудың құпияларымен бөлісті. Семинарға жаратылыстану факультеті мен физика-математика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

— Профессор Хуторянский өз тәжірибесінде редакторлар мен рецензенттердің жұмысы туралы кеңінен баяндады. Әсіресе дәріскер мақаланың атауы жарияланым кезінде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.  Виталий Викторович ғылыми жұмыстардың түрлерін сипаттап, ғылыми мақалалардың құрылымын түсіндірді. Сондай-ақ, ол жас зерттеушілердің, тіпті тәжірибелі ғалымдардың қандай қателіктер жіберетініне тоқталды. Болашақта қателікке жол бермеу жолдарын да түсіндіріп өтті, — дейді «Химия және химиялық технология» кафедрасының доценті Гузель Абилова.

Виталий Хуторянский әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретін Рединг университетінде жұмыс істейді.  Ол Ұлыбританияға 2005 жылдары қоныс аударған. Негізі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  түлегі. Еуропаға көшкенге дейін алма-матерінде «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарған. Италиядағы Пиза университетінде және Польшадағы Лодзь техникалық университетінде тағылымдамадан өткен.

Айта кетейік, профессор Жұбанов университетімен бұған дейін де тығыз байланыста.  Ол университеттің көптеген жас ғалымдарына тәлімгерлік етті. Қазіргі таңда Виталий Хуторянский Жұбанов университетінің постдокторанттары Маржан Ахметова және Гузель Абиловамен бірлескен ғылыми- зерттеулер жүргізеді.