Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымға құрмет көрсетілді

Ғалымға құрмет көрсетілді

Бүгін Жұбанов университетінің ұжымы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Константин Цхайға 80 жасқа толған мерейтойына орай лайықты құрмет көрсетті.

Кеңейтілген мәжіліске Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжанов, университет ректоры Лаура Қарабасова, Ақтөбе облысы және қала әкімдігінің, облыстық білім басқармасының өкілдері, университет басшылығы, ғалымның әріптестері мен шәкірттері және туыстары қатысып, құттықтау тілектерін жолдады.

Облыс басшысы өз кезегінде Константин Цхайдың еліміздің білім және ғылым саласына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

Университет ректоры Лаура Қарабасова ғалымның университет дамуында 50 жылдан астам уақыт еңбегі жатқанына тоқталып, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрметті профессоры» төсбелгісін табыс етті.

Жиында профессор Қуанышбек Шүңкеев мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы жайында мазмұнды баяндама жасады.

Константин Цхай — Қызылорда облысының тумасы. Еңбек жолын туған өлкесінде орта мектеп мұғалімі қызметінен бастаған. 60-жылдардың соңында Жұбанов университетіне жұмысқа қабылданып, оқытушылықтан кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, факультет деканы, оқу жұмыстары жөніндегі проректор, бірінші проректор қызметіне дейін өседі. Қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында.

Ғалымның халықаралық және республикалық журналдарда және халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың материалдарында 60-тан астам ғылыми еңбектері жарияланған. Константин Цхай бірқатар мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие. Ұлтаралық келісімді сақтауға және нығайтуға қосқан үлесі, жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі көп жылдық еңбегі үшін Ақтөбе облысының «Жыл адамы» деп танылды. 2016 жылы оған Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Оның есімі «Ақтөбе», «Корейцы Казахстана: кто есть кто», «Қазақстан корейлерінің энциклопедиясы» және «Қазақстан Республикасының белгілі корейлері» энциклопедияларына енгізілген.

Мерейтой иесіне бұл күні құттықтаулар мен сыйлықтар толастаған жоқ. Айта кетейік, облыстық кәсіподақ ұйымы атынан ғалымға шипажайға жолдама берілді.