Понедельник, Май 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әлемнің 19 елінің 77 оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан университет

Әлемнің 19 елінің 77 оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан университет

12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күні

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті — еліміздің батыс аймағындағы іргелі оқу орны. Университет ғалымдары жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, Ақтөбе өңірінің экологиялық мәселелесін шешуге, металлургия, медицина салаларын дамытуға үлкен үлес қосып жатыр.
Университетте академиялық артықшылықтар орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы орталықтың арқасында университетте 6 зертхана ашылмақ.
Бүгінде университет әлемнің 19 елінің 77 жоғары оқу орнымен, орталықтарымен өзара ынтымақтастық байланыста жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде әлемдік рейтингке енген 6 университетпен, сондай-ақ академиялық ұтқырлық және қосдипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында 22 шетелдік жоғары оқу орнымен келісім жасап, әріптестік байланыс орнатқан.
12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасованы әңгімеге тартқан едік…

Университет ғалымдары өңірді дамытуға үлес қосып жатыр

— Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Ғылымды дамытуға сіз басшылық ететін университет ғалымдары қандай үлес қосып жатыр?
— Мемлекет тарапынан соңғы жылдары ғылымды дамытуға, ғылымды қолдауға бұрын-соңды болмаған жаңаша бетбұрыс жасалып жатыр. Қаржыландыру көлемі артты. Бүгінгі таңда ғылымды дамыту жүйесі әлемдік тәжірибеге сәйкестендіріліп, ғылыми-зерттеу институттарымен және өндіріспен тығыз байланыс орнатуда. Заманауи қазақстандық ғылым әлемдік кеңістікке интеграцияланған және өңір қажеттіліктеріне қызмет ететін болады. Еліміздегі ғылым саласы әлемдік талаптарға сай болып, инновация және озық технологиялар көшіне ілесуі үшін жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті мықты болуы керек.
Жұбанов университетінде 20 ғылым докторы, 36 PhD және 196 ғылым кандидаты еңбек етеді. Олардың негізгі зерттеу бағыттары — материалтану (Қ.Шүңкеев, А.Бекешев), металлургия (Б.Келаманов, Е.Жұмағалиев, Е.Шабанов), химиялық технология (Л.Тастанова, Н.Айкенова), экология және өндірістік қалдықтарды өңдеу (Е.Мендыбаев, М.Иманғазин), дифференциалдық теңдеулер және нейрондық желілер (Ж.Сартабанов, М.Тілеубергенова), өңір тарихы (Р.Бекназаров, Г.Ізбасарова), филология (К.Садирова), білім берудегі менеджмент (Л.Қарабасова, А.Жаким), педагогика және психология (К.Туребаева, Г.Бахтиярова, А.Тоғайбаева) және тағы басқа.
Биыл университетте Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның біреуі — бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ауқымды жобасы. 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 9 жоба зерттелуде. Сондай-ақ іргелі жобалар және халықаралық 3 жоба қолға алынды. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы ғалымдарымыз физика, математика, педагогика, филология, тарих бағыттары бойынша отандық ғылымның дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Былтыр халықаралық рецензияланатын журналдарда 90-ға жуық мақала жарық көріп, ол жарияланымдарға әлемдік деңгейдегі ғалымдар сілтемелер жасады. Сондай-ақ жаңа технологиялар, өнімдер патенттеліп, монографиялар жарық көрді.
Университет ғалымдары өңір үшін сапалы маман даярлап келеді. Қазіргі таңда докторантураның — 7, магистратураның 42 білім бағдарламасы бойынша оқыту жүзеге асырылуда. 4 диссертациялық кеңес жұмыс жасап жатыр. Нәтижесінде былтыр университетіміздің ғалымдары қатарына 8 PhD қосылды. Жұбанов университеті тек өзіміздің оқу ордамызға ғана емес, сондай-ақ көршілес Батыс Қазақстан облысындағы университеттерге де ғылыми кадрлар даярлап жатыр. Мысалы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Г.Айтенова математика мамандығы бойынша мақсатты докторантурада білім алып, университеттің диссертациялық кеңесінде қорғап, биыл ақпан айында философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесіне ие болды.
Ғалымдарымыз ғылымның даму концепциясына сай өндіріс пен ғылымның интеграциялау үрдісін дамыта түсу үшін көптеген іс-шара, зерттеу жүргізуде. Серіктес өндіріс орындарын айта кетсек, «Қазхром» трансұлттық компаниясы, аталған компанияға қарасты Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты, Ақтөбе хром қосындылар зауыты, «КазЭнергоМашЭкология» зауыты (Ақтөбе металл конструкциялар зауыты), «Актюбрентген» акционерлік қоғамы, «Al-Zhami», «Қазақойл Ақтөбе», «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы. Зерттеу бағыттары — өңірдің экология ахуалын жақсарту, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, суды мұнай қалдықтарымен тазарту әдістері, құрылысқа, медицинаға жаңа материалдар өндіру, өндіріс орындардың қызметін цифрландыру.
Жұбанов ғалымдары өңіріміздің технология, инновациялар салаларының дамуына үлес қосумен қатар, облыстың әлеуметтік, саяси, психологиялық ахуалының жақсаруына да септігін тигізуде.
Биыл Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының өңірлік өкілдігі алғаш рет Жұбанов университетінде ашылды. Негізгі өкілі — доцент Асхат Кеңесов. Бұл ұйым облыстағы әлеуметтік көңіл күйге тұрақты негізде мониторинг жүргізетін болады. Жан-жақты сараптау арқылы шиеленіс нүктелерінің қай жерде пайда болатынын анықтап,мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар береміз. Социологиялық экспедициялардың қорытындысы негізінде өңірлердің жай-күйі туралы баяндамалар мен жазбалар әзірленеді. Ғылыми тұрғыда негізделген бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік, саяси ахуалын жақсартуға өз үлесін қосатынына сенімдеміз.
Жақында университет пен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, ынтымақтастық аясында «Қорғанысты қолдайық!» атты жоба өткізілді. Шараға 50-ге жуық шекара қызметкері қатысты. Оларға педагогика факультетінің оқытушылары мен «Денсаулық және салауаттылық» орталығының психолог мамандары «Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу», «Қызметкерлердің эмоционалды күйлері және оларды түзету әдістері», «Қызметкерлердің кәсіби күйреуінің алдын алу» тақырыбында сабақ жүргізіп (72 сағат), тренинг ұйымдастырды. Курс барысында шекара қызметкерлері психологиялық әдістемелерді меңгеріп, психикалық ауытқушылықтарды, суицидтік ойлардың белгілерін қалай тануға болатынын, психикалық аурудың қалай алдын алу керектігі бойынша ақпараттар алды. Бұл бағыттағы жұмыстарды да біздің психолог ғалымдарымыздың өңірдің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі деп білеміз.

19 ғылыми жобаның маңызы

— Ғылыми жобалардың таңдаулыларына тоқталып, артықшылықтары туралы тарқатып айтып берсеңіз…
Жүзеге асырылып жатқан 19 республикалық және 3 халықаралық жобаның барлығы да ғылымды дамытудың өзекті мәселелеріне арналған. Биыл алғаш рет бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы мақұлданды. Тақырыбы — «Жақсартылған қасиеттері бар эпоксидті нанокомпозиттерді құрудың ғылыми-технологиялық негіздерін әзірлеу». Бұл жоба республикалық деңгейде маңызға ие, 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім және ғылымның даму жоспарына сәйкес орындалады. Жүзеге асыру нәтижесінде өндірістің әртүрлі салаларына (құрылыс, металлургия, өңдеу, медицина) арналған қасиеттері жақсартылған жаңа полимерлі композициялық материалдар өндірілетін болады.
Ғылыми жетекшісі — физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастық профессоры Әмірбек Бекешев. Жоба 3 жылға қаржыландырылып отыр. Қаржыландыру көлемі — 299 554 мың теңге.
Тағы бір қызықты да маңызды жоба Гузель Абилованың жетекшілігімен орындалып жатыр. Тақырыбы — «Жергілікті дәрі-дәрмектерді жеткізуге арналған функционалды биополимерлер негізінде пленкалы дәрілік формалар». Жобаның ғылыми жаңалығы — көзге тамызатын тамшының орнына полимерлік қабықшаларды пайдаланылады. Қолданыстағы көз тамшылары сұйық болғандықтан, жартысы жерге төгіліп, ысырап болып жатады. Полимерлік қабықшаларды қолдану ыңғайлы әрі онымен емдеу әлдеқайда тиімдірек.
Қазір аталған жобаға эксперимент жүргізіліп жатыр.
Университетте 3 сәуірде ғылым айы басталды. Шара 29 сәуірге дейін созылады. Осы шара аясында Польшаның Быдгощ университетінің ғалымдарымен бірлесіп, «Алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыбында халықаралық жоба өткізіледі. 18-20 сәуірде поляк әріптестеріміз Жұбанов университетінің базасында 1000-ға жуық әртүрлі саланың қызметкеріне алғашқы медициналық көмек дағдыларын үйретеді. Олардың арасында мұғалімдер, тәрбиешілер, шекарашылар, кондукторлар да бар. Қорытындысында, халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталады. Бұл шараға тек біздің өңірдің ғана емес, жалпы батыс аймағындағы мамандардың да қатысуға мүмкіндігі бар. Мұндай жоба Қазақстанда бұрын-соңды болған жоқ. Алғаш рет Ақтөбеде өткізіледі.

Халықаралық ынтымақтастық

— Халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етіп жүргеніңізді білеміз. Осы бағыттағы жұмыстар туралы айтсаңыз…
— Университеттің халықаралық ынтымақтастық департаменті көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайту мақсатында біраз жұмыс атқарып жатыр. Айта кететін болсақ, университеттің әлемдік деңгейдегі танымалдылығын арттыру, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім-ғылым жобаларын жүзеге асыру мақсатында Америка Құрама Штаттары, Канада, Индонезия, Үндістан, Болгария, Ұлыбритания, Польша, Эстония, Түркия, Франция, Латвия, Литва, Италия, Грекия және Ресей Федерациясының профессор-ғалымдары дәрістер жүргізіп, (шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша) магистранттар мен докторанттарға кеңес беріп, жетекшілік етті.
Сонымен қатар әлемнің классикалық университеттерінен әлемдік деңгейде зерттеулерімен танылған Хирш индекстері жоғары профессор-ғалымдар офлайн және онлайн форматында қонақ дәрістерін жүргізуге шақырылды. Мысалы, Наньян технологиялық университетінен (Сингапур) Саймон Редферн, Ювяскюля университетінен (Финляндия) Дэвид Марш, Глазгоу университетінен (Ұлыбритания) Полин МакЛун университетімізге келіп, өздерінің еуропалық ғылым және зерттеу баспаларында шыққан соңғы зерттеу тәжірибелерімен бөлісті.
Жыл өткен сайын университеттің білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастығы кеңейе түсуде. Бүгінде университет әлемнің 19 елінің 77 жоғары оқу орнымен, орталықтарымен өзара ынтымақтастық байланыс жасауда. Оның ішінде әлемдік рейтингке үздікке енген 6 университетпен және академиялық ұтқырлық және қосдипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында 22 шетелдік жоғары оқу орнымен келісім жасап, әріптестік байланыс орнаттық. 2022-2023 оқу жылында 5 елдің (Түркия, Ресей, Шотландия, Сербия, Грузия) жоғары оқу орындарымен және білім саласындағы ұйымдармен 9 меморандумға қол қойылды. Университетіміздің студенттері халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Арнайы педагогика», «Ағылшын тілі және информатика», «Құқықтану», «Денешынықтыру және спорт», «Туризм», «Математика», «Физика» және басқа да оқу бағдарламалары бойынша шетелдерде білім алып жатыр. Ал шетел студенттері үшін университетімізде ағылшын тілінде оқытылатын «Шетел филологиясы», «Шетел тілі: екі шет тілі», «Ағылшын тілі және информатика» және «Аударма ісі» оқу бағдарламалары бар.
Биылғы оқу жылында біздің университет және Сәтбаев университеті мен АҚШ-тың зерттеулер бойынша жетекші орындағы Purdue университеті бірлесіп, халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңеске жоба жоспарын ұсынған болатын. Нәтижесінде грант иегерлерінің тізіміне ендік. Жобаның негізгі мақсаты — академиялық трансформация жолында STEM оқыту әдістерін жетілдіру («Leading Academic Transformation: ENHANCING STEM instructional methods»).
Жобаға университетіміздің 20-ға жуық оқытушысы қатысады. Бұл курс белгілі бір білім беру платформасына жүктеледі және жүктелген материалдарды оқытушылар онлайн форматта игереді және белгілі бір уақыт аралығында курсты өздері оқып, тапсырмаларын орындайды. Сонымен қатар Purdue университетінің профессоры мамыр айының соңында бір аптаға келіп STEM әдістерін практика жүзінде көрсетеді. Бұл сабақтардың соңында пікір алмасу, талқылау, топтық жұмыстар жүргізіледі.
Жобаға қатысып, аяқтаған оқытушыларға Purdue университетінің профессоры мен АҚШ елшілігінің қолдары қойылған халықаралық сертификаттар табысталады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

//aqtobegazeti.kz/