Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғалымға құрмет

Ғалымға құрмет

Мерейтой

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Константин Цхайдың 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.

Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, университет ректоры Лаура Қарабасова, сондай-ақ облыстық білім басқармасының өкілдері, ғалымның әріптестері, шәкірттері және туыстары қатысып, мерейтой иесіне лайықты құрмет көрсетті.

Ералы Тоғжанов профессорды жаңа жасымен құттықтап,  жоғары білім мен ғылымды дамытуға, өңірдегі қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

— Өміріңіздің 50 жылдан астам уақытын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне арнап, алдыңызға қойылған міндеттерді абыроймен және асқан кәсібилікпен орындадыңыз. Біліміңіз бен кәсіби шеберлігіңіздің арқасында сіз осы білім ордасы ректорының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілдіңіз.

Өңіріміздің және тұтастай алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында табысты еңбек етіп жүрген мыңдаған түлектің ризашылығы  сіздің көпжылдық педагогикалық қызметіңіздің нәтижесі деп білемін.

17 жыл бойы Қазақстан корейлері қауымдастығының Ақтөбе филиалын басқарып, азаматтық қоғамның дамуына баға жетпес үлес қостыңыз. Алдағы уақытта да облысымыздың дамуына өз үлесіңізді қоса беретіндігіңізге сенімдімін, — деген облыс әкімі Константин Цхайға Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.

Жиында профессор Қуанышбек Шүнкеев мерейтой иесінің өмірі мен қызметі, ғылыми жетістіктері туралы баяндама жасады.

Константин Цхай Қызылорда облысында дүниеге келген. Еңбек жолын туған өлкесінде орта мектеп мұғалімі қызметінен бастаған. 60-жылдардың соңында Жұбанов университетіне жұмысқа қабылданып, оқытушылықтан кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, факультет деканы, оқу жұмыстары жөніндегі проректор, бірінші проректор қызметіне дейін өседі. Қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында.

Ғалымның халықаралық және республикалық журналдарда және халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарында 60-тан астам ғылыми еңбегі жарияланған. Константин Цхай бірқатар мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие. Ұлтаралық келісімді сақтауға және нығайтуға қосқан үлесі, жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі көпжылдық еңбегі үшін Ақтөбе облысының «Жыл адамы» деп танылды. 2016 жылы оған Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді.Оның есімі «Ақтөбе», «Корейцы Казахстана: кто есть кто», «Қазақстан корейлерінің энциклопедиясы» және «Қазақстан Республикасының белгілі корейлері» энциклопедияларына енген.

Шара барысында университет ректоры Лаура Қарабасова ғалымға көп жылғы еңбегі үшін «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрметті профессоры» төсбелгісін табыс етті.

Облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова мерейтой иесінің шәкірттеріне деген ықыласы мен қолдауы туралы айтып, өзінің студенттік шағын есіне алды. Ұстазына алғысын білдіріп, облыстық кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берді.

Университетте өткен салтанатты шараға Константин Цхайдың Мәскеуден, Пятигорскіден, Ташкенттен келген туыстары қатысып, жақсы тілектерін арнады.

Шара соңында сөз алған Константин Цхай барлығына рақметін айтып, өзінің жетістіктері мен білімін жас педагогтермен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

//aqtobegazeti.kz/