Вторник, Июнь 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарихи монография оқырманға жол тартты

Тарихи монография оқырманға жол тартты

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, профессор Рахым Бекназаровтың «ХІХ ғ.-ХХ ғ. басындағы Солтүстік Арал маңы қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» атты жаңа монографиясы жарық көрді.

Бүгін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғалымның монографиясының тұсаукесері өткізілді.

Іс-шараға тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар, Жұбанов университетінің профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.

Айта кетейік, еңбекте еліміздің тарих ғылымында тұңғыш рет Солтүстік Арал маңы өңірінің тарихы мен мәдениеті жөніндегі жаңа этнографиялық және басқа да ілеспе дереккөздер кешені айналымға енгізілген.

Жалпы монография тарихи-этнографиялық зерттеу болып табылады. Мұнда XIX–ХХ ғ.ғ. басындағы Солтүстік Арал маңы қазақтарының тарихы мен мәдениетіне, көшпелі шаруашылықтан жартылай көшпелілікке және отырықшылыққа көшу кезеңіне баса назар аударылған.

Автор еңбекті өзінің далалық этнографиялық зерттеулері, сондай-ақ архивтік-библиографиялық, тарихнамалық ізденістері негізінде жазған.

Кітап «Ғылыми, тарихи және мәдени басылымдарын әзірлеу, баспадан шығару» жобасы аясында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қолдауымен жарыққа шығарылды.