Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет басшылығы шетелдік әріптестермен кездесті

Университет басшылығы шетелдік әріптестермен кездесті

Жұбанов университетінде бір апта жуық белгілі поляк мамандарының тренингтері өтіп жатыр. Осындай қысқа мерзімде 800-ден астам ақтөбелік оқудан өтті.

Польша елінен келген өкілдер бүгін Жұбанов университетінің басшылығымен кездесті.
— Жұбанов университеті алты жылдан астам уақыттан бері біздің стратегиялық серіктесіміз болып келеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польшада білім алып жатқан студенттеріңізге алғысымыз шексіз. Олардың барлығы ағылшын тілін жетік біледі. Білімді жастарды одан әрі дамыту бізге шабыт сыйлайды. Жұбанов университеті дәрігерге дейінгі шұғыл көмекті оқыту жобасын жүзеге асыруға атсалысқан Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны. Бұл оқу әдістемесі бүкіл әлем үшін негіз болады деп үміттенеміз. Қазір ол еуропалық реанимация Кеңесінің қарауында. Сіздерге рахмет айтамыз!- деді сөзінде Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Дене шынықтыру және спорт институтының директоры Александр Скалий.

Айта кету керек, поляк нұсқаушылары университеттің 14 студентіне поляк әдістемесін оқыту құқығына ие ресми рұқсат берді. Ал Жұбанов университеті осы бірегей әдістемені жүзеге асырған алғашқы университеттер қатарынан табылды.

— Біз үшін қазір жоғары оқу орнында дәрігерге дейінгі көмек көрсете алатын мамандар бар екені өте маңызды. Ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығу үшін бұл жобаның ауқымын кеңейтуде бірлесе жұмыстар атқаратын боламыз. Біздің университеттің есігі Сіздер үшін әрқашан ашық!- деп атап өтті ректор Лаура Қарабасова.