Вторник, Май 30, 2023
Басты > Білім > Университет оқытушылары біліктілікті арттыру курсынан сәтті өтті

Университет оқытушылары біліктілікті арттыру курсынан сәтті өтті

Жұбанов университетінің біліктілікті арттыру курсынан сәтті өткен 50-ден астам оқытушыларына сертификаттар табыс етілді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» жобасы шеңберінде университет оқытушылары осы жылдың қаңтар айынан бастап жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша оқытудан өтті.

Бұл жобада 17 қазақстандық жоғары оқу орындарынан 110 қатысушы, оның ішінде Жұбанов университетінен 6 оқытушы жұмыс істейді. Университетте өткен «Қысқы мектеп» аясында осы оқытушылар оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен алған білімдерімен  және тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» — Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылатын ХAMК қолданбалы ғылымдар университеті (Финляндия) және Назарбаев университетімен бірлескен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жобасы болып табылады.

Жобаның мақсаты — педагогикалық білім берудің жаңа педагогикалық модельдерін әзірлеу және «Педагогикалық ғылымдар» саласындағы білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту.

Оқытуды ХАМК қолданбалы ғылымдар университетінің және Назарбаев Университетінің оқытушылары жүргізді.