Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте мүсін және зергерлік шеберхана ашылды

Университетте мүсін және зергерлік шеберхана ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде белгілі қолөнер шебері, зергер Тағыберген Қайрақбаев атындағы арнайы «Мүсін және зергерлік» шеберханасының ашылу рәсімі өтті.

Шеберхананың ашылуына зергердің шәкірттері, тума-туыстары және әріптестері қатысып, ұстаздың өнегелі өмір жолын еске алды.

Кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Жайнагүл Қартбаева сөз алып, Тағыберген Қайрақбаевтың Ақтөбе өңірінің қолөнер саласына және университеттің мәдени тұрғыда дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтті.

Тағыберген Қайрақбаев университетте 30 жылға жуық оқытушылық қызмет атқарып, зергерлік өнерді мыңдаған шәкірттерінің бойына дарытқан ұстаз. Ақтөбе жұртшылығы ол кісіні оқу орнының бас ғимараты алаңындағы Құдайберген Жұбанов ескерткішінің, батырлар алаңы, тағы да басқа сәулетті өнер туындыларының авторы ретінде біледі. Ол Ахмет Байтұрсынов медалінің иегері, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі болған.

Аталған шеберхана зергер ұстаздың өзі тәрбиелеген шәкірттерінің ұйымдастыруымен жобаланып, жабдықталып отыр. Шеберханада студенттерге дәрістер, практикалық сабақтар өткізіліп қана қоймайды, олар  арнайы жабдықтардың көмегімен қолөнер және зергерлік бұйымдарды жасаумен де айналыса алады.

Айта кетейік,  университеттің төрт студентіне Тағыберген Қайрақбаевтың атынан атаулы стипендия  берілді. Зергердің отбасы мен түлектердің қолдауымен 100 000 теңге оқу ақысына жеңілдік жасалынды.