Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Heriot-Watt университетінің өкілдері Ақтөбеге келді

Heriot-Watt университетінің өкілдері Ақтөбеге келді

Ертең 29 сәуірде Heriot-Watt университетінің филиалына түсетін талапкерлер үшін ағылшын тілінің деңгейін анықтау емтиханы өтеді.

Шотландиядағы жоғары оқу орнының өкілдері Ақтөбеге келіп, бүгін Жұбанов университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

— Біздің университеттің филиалын ашу үшін қажетті бірнеше факторлар бар, ол — жоғары оқу орнын қолдайтын мемлекет, елдегі дамыған өнеркәсіп және сәйкесінше білікті инженерлік кадрларға деген қажеттілік. Мұның бәрін біз Ақтөбеден таптық. Біз тек Қазақстан бойынша ғана емес, бүкіл әлем бойынша серіктестер іздедік. Бірақ Жұбанов университетінде тапқан өзара ынтымақтастық деңгейі басқа жерде болмады. Университет филиалын құру — бұл серіктестіктің тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта жас білікті мамандар даярлау, оқытушылар арасында тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыруды қолға аламыз, — деді Heriot-Watt университетінің өкілі Джаред Филипи.

Жиында Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров бүгінде Жұбанов университетінің ұйымдастыруымен 124 оқытушы тегін ағылшын тілі курстарына қатысып жүргенін атап өтті. Оның ішінде 9 оқытушы – CELTA сертификатына үміткерлер қатарында.

Кездесуде Жұбанов университетінің оқытушылары сұрақтар қойып, оларға шотландиялық қонақтар толыққанды жауап берді.