Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Архив қоры шетелден әкелінген құжаттармен толықты

Архив қоры шетелден әкелінген құжаттармен толықты

Экспедиция

Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві — Қазақстанның соңғы 100 жылдағы  әлеуметтік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени-саяси тарихына қатысты маңызды құжаттардың сақтаушысы.

Архив қорында кешегі кеңес дәуірінен бастап Қазақстанның қалыптасып дамуы, Ақтөбе аймағының өткені мен бүгіні, ел үшін елеулі еңбек сіңірген белгілі тұлғалар туралы құжаттарда аз емес. Дегенмен 1917 жылғы төңкеріске дейінгі кезең мен кеңестік дәуірде Қазақстан аумағын басқаруды ұйымдастыру ерекшелігіне қатысты тарихи құжаттардың едәуір бөлігі шетел архивтерінде қалды.

Осы ретте Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Архив-2025» жобасы аясында ғылыми-іздестіру экспедицияларын жасақтап, ел тарихына қатысты құнды құжаттарды зерттеп, зерделеп, жинақтау және сатып алу арқылы Ұлттық архив қорын толықтыруды жоспарлады. Алғаш рет 2019 жылы архив қызметкерлерінен ғылыми-іздестіру экспедициясы жасақталды.

Экспедиция жұмысының  нәтижесінде Орынбор облысының мемлекеттік архивінен 74 іс көлемінде 10 қордан XVIII-XIX ғасырлардағы Ақтөбе облысы аумағы, шаруашылығы, өнеркәсібі, білім ісі туралы тарихи маңызы зор, құнды деректі құжаттардың көшірмелері табылып, әкелінді.

Ал былтыр «Шетелдік архивтердегі құнды құжаттар» ғылыми-іздестіру экспедициясы Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылыми қызметкерімен бірге өз жұмысын Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемлекеттік тарихи архивінде жалғасын тапты. Экспедиция жұмысы нәтижесінде №268, №391, №821, №853, №1276, №1287, №1288, №1291, №1293 қорлары зерттеліп, XVIII-XIX ғасырлардағы Ақтөбе өлкесінің тарихына қатысты архив деректері анықталды. Архив құжаттары құндылығына байланысты сұрыпталып, маңызды құжаттар іріктеліп, көшірмелері сатып алынды. Елге әкелінген құжаттарда Кіші қырғыз Ордасының ханы Шерғазының іс-әрекетін сот орындаушы (пристав) Қарсақовтың толтырған журналы, Орталық Азияны ортақ желімен байланыстыратын теміржол құрылысы туралы, 1899 жылғы Орынбордан Ташкентке дейінгі теміржол желілерін түсіру картасы, Торғай-Орал облысындағы қоныстандыру басшылығы, дәрігерлік-есептік пункттерді жайластыру, мешіттер салу туралы, Торғай облысы Ақтөбе уездік қаласынының құру жоспарын қарастыру жөнінде және тағы да басқа тың деректер кездеседі.

Сонымен қатар экспедиция құрамы былтыр қараша-желтоқсан айларында Башқұртстанның Уфа қаласындағы архивтеелге қатысты тарихи құжаттарға зерттеу жүргізіп, жылды аяқтады. Өткен жылы сатып әкелінген құжаттар еліміздің 1998 жылғы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына сәйкес өңделіп, Ұлттық архив қорының құрамына есепке алынады және бір жылдан кейін ғылыми айналымға енгізіледі.

Ақтөбе облысының мемлекеттік архивіне 100 жыл толу қарсаңында, яғни осы жылы ғылыми-іздестіру экспедициясы өз жұмыстарын Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Ал жинақталған деректер болашақта тарихымызды тану жолындағы іргелі зерттеулердің бастауы болады деп сенеміз.

 

Шәрбану МҰХТАРОВА

/aqtobegazeti.kz/