Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылым саласының үздіктері марапатталды

Ғылым саласының үздіктері марапатталды

Бүгін Жұбанов университетінде «Ғылым айы» қорытындыланып, үздіктер марапатталды.

Салтанатты шараны алғысөзбен ашқан университет ректоры Лаура Қарабасова университет ғалымдарының ғылым саласында жеткен бірқатар жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар университет басшысы жақсы жаңалықты жеткізді. Жаңа оқу жылында жүзеге асқан «Оқытушы-зерттеуші» жобасы аясында жас ғалымдарды қолдау үшін арнайы қаржыландыруға бағытталған ішкі грант жобасының іске қосылғанын хабарлады.

Шара бірқатар марапаттарды табыстаумен жалғасты. Атап айтсақ, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әмірбек Бекешев ұзақ жылғы қызметіндегі, ғылымдағы жетістіктері үшін  «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Физика кафедрасының доценті Абзал Жұбаевқа жоғары білім және ғылымды дамытудағы сіңірген еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар университет ғылымының көрсеткіштерінің артуына үлес қосып жүрген ғалымдарға Ректордың алғыс хаты табыс етілді.

Сондай-ақ, «Ғылым айы» аясында университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып, өзінің ғылыми позициясын білдіріп жүрген білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының, кафедра, факультеттердің жұмыстары сарапталып, «Жыл үздігі» анықталды.

«Үздік студент», «Үздік магистрант», «Үздік докторант», «Үздік жас ғалым», «Үздік ғалым», «Үздік кафедра» және «Үздік факультет» номинациялары бойынша жеңімпаздарға дипломдар берілді.

Іс-шарада университет басшылығы «Актюбрентген» акционерлік қоғамымен шаруашылық келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімшарт «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының магистранттары әзірлеген басқару жүйесіне арналған мобильді қосымша негізінде жүзеге асты. Осы ретте магистранттарға «Актюбрентген» АҚ директорының алғыс хаты табыс етілді.

Айта кетейік, марапат иелеріне Кәсіподақ ұйымының атынан гүл шоқтары сыйға тартылды.