Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Техникалық мамандарды даярлауға қабілеті жоғары

Техникалық мамандарды даярлауға қабілеті жоғары

Елімізде техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы отандық бизнес өкілдерімен кездескен ауқымды шарада еліміздің өсіп-өркендеуі үшін​ техника саласы мамандарының аса қажет екенін айтқаны, сол мезетте осы бағытта Үкіметке тапсырма бергені есімізде. «Қазақ жастары технарь болуға тиіс. Менің пікірім осындай’, — деп қорытқан еді ойын Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Өңірдегі ірі жоғары оқу орны — Zhubanov University университетінде техникалық факультет осыдан 32 жыл бұрын ашылды. Өз жұмысын «Еңбек пәні мұғалімін» дайындаудан бастаған факультеттің бүгінде мақсаты мен мүддесі тіпті бөлек. Бұл жөнінде және алдағы жоспарлары жайлы білмекке факультет деканы, техникалық ғылымдар кандидаты, доцент Ақжарқын Мерекеқызы Балғынованы әңгімеге тарттық.
Сұқбатты Гүлнара Дауылбайқызы жүргізеді.

Ақжарқын Мерекеқызы, жақсы жаңалықтан хабардармыз. Британдық үздік ЖОО — Heriot-Watt University филиалы ашылғалы жатыр. Техникалық мамандықтары бойынша жауапты істер атқарып жатырсыздар. Дайындық қалай?

-Өзіңіз де айтып отырсыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет, 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін және екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн» деген болатын. Президенттің тапсырмасына сай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен университетіміздің базасында Ұлыбритания университетінің филиалы ашылатын болды. Heriot-Watt университеті​ мен Zhubanov University ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаннан кейін, факультетімізде дайындық жұмыстары басталып кетті.

Ең бірінші өздеріңіз білесіздер, оқыту ағылшын тілінде, Heriot-Watt университеті стандарттарымен бағалау жүйесі бойынша жүргізілетін болғандықтан, Heriot-Watt университетімен бірлесе отырып екі білім беру бағдарламасы (БББ) бойынша (Мұнай-газ инженериясы және энергоменеджмент, Электроэнергетика) модульды білім бағдарламаларын жасақтап, универ жүйесіне тіркедік және реестрге енгізуге дайындалып жатырмыз. Одан соң кәсіптік бағдар жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде.

Кәсіби бағдар жұмысын Хромтау қаласының №6 мектеп-гимназиясынан бастадық. Кездесу барысында «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі Б.Ғ.Алматова мектеп түлектерін факультетте оқытылатын білім бағдарламаларымен таныстырып,​ Heriot-Watt университетінің филиалы ашылатыны жөнінде айтып өтті. Осы ағымдағы жылдың наурыз, сәуір айларында Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Орал қалаларының білім ошақтарында және сәуір айында еліміздің оңтүстік аймақтарында, соның ішінде Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларында біздің оқытушыларымыз кәсіби-бағдар жұмысын жүргізіп келді.

Одан кейін кешенді​ зертханалық жұмыстарды және ғылыми жұмыстарды жүргізуге қажетті жабдықтарға сұраныс бердік. Факультет корпусына және кабинеттерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындық жүмыстары жүргізіліп жатыр, сонымен қатар кабинеттерге қажетті жабдықтарға сұраныс берілді. Бізде осындай дайындық жұмыстары басталып кетті.

Осы екі БББ бойынша сабақ беретін факультет оқытушылары белсенді түрде ағылшын тілін үйрену үшін арнайы дайындықтан өтіп жатыр және тілдік деңгейлерін арттыру үшін шетелдерге стажировкаға баруға дайындалу үстінде.

-Ия, еуропалық білім беру саласымен серіктестікте маман дайындау бұрын болмаған тәжірибе. Батыл қадамдарыңызға сәттілік тілейміз!

-Рақмет, бұл жалпы біздің университетіміз үшін, соның ішінде техникалық факультет үшін де үлкен мақтаныш, үлкен жаңалық.

-Өзге мамандықтарға қатысты жаңа ақпараттар болса да айта отырсаңыз.

-Жалпы техникалық факультет 12 БББ бойынша мамандар дайындайды. Соңғы үш жылда өндіріс қажеттілігінің туындауына байланысты 2 білім беру бағдарламасын аштық. Олар «Автоматтандыру және басқару», «Кешенді көліктік логистика» мамандықтары бойынша.

Осыдан үш жыл бұрын, дәл осы сәуір айы санында газетімізде мақалаңыз жарияланыпты. Оқу процесінде өндірістік практикаға басым көңіл бөліп жатқандарыңыз жайында. Өндіріс орындары өңірде саусақпен санарлық қой. Факультетте білім алушылар көп. Жеткілікті ме? Оларға практикадан өтуге.

-Ақтөбе облысы өңірінде өндіріс орындары саусақпен санарлық дегеніңізге келіспеймін. Себебі облысымызда металлургия, тау-кен, мұнай-газ, құрылыс салалары бойынша өндіріс орындары жеткілікті. Атап айтсақ:
-Металлургия, тау-кен және электроэнергетика салалары бойынша-«ҚазХром ТҰК» АҚ филиалдары, оның ішінде АФЗ, ДГОК; «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Сайлан-Актобе», «Тау-кен өндіруші» ЖШС, «Неохим» ЖШС филиалы, «KEGOK» АҚ, «Мират Азия» ЖШС ;
-Мұнай-газ саласы бойынша-«СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «BRENT OIL KZ»ЖШС, «Ақтөбе мұнаймаш комплект» ЖШС, «СағызПетролеум» ЖШС, «АдаОйл» ЖШС, «OMAC Integrated» компаниясы және т.б;
-Құрылыс саласы бойынша-Нектар ӨК,​ «Батыс Сапа» ЖШС, «Регион Строй Проект» ЖШС, «Актюбегражданпроект» ӨК;
-Көлік, көлік техникасы және технологиялары саласы бойынша- «КАЗАХАВТОДОР» ЖШС, «Ассана Дор Строй» ЖШС.
Осы аталған кәсіпорындардың барлығымен келісім-шарт жасалған және біздің білім алушыларымыз (БА) өндірістік практикадан өтіп жатыр.

Сонымен қатар практика базалары бойынша кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісім шартқа отырдық.
«Көлік, көлік техникасы және технологиялары» БББ бойынша — «АЗТО» ЖШС (25.12.2020 -25.12.2025), «Ақжол LTD» ЖШС (14.12.2020 -14.12.2025), «ҚТЖ-Жүк тасымалы»-«Ақтөбе Бөлімшесі БП» Филиалы ЖШС (14.12.2020 -14.12.2023), «Motor center KZ» ЖШС (03.12.2021-03.12.2026), «ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль Жолдары Комитетінің «Жол Активтері Сапасының Ұлттық Орталығы» ШЖҚ РМК, Ақтөбе облысының жол активтері сапасының ұлттық орталығы (14.12.2020 -14.12.2025), «КАЗАХАВТОДОР» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы (01.11.2022-01.11.2027), «Jusan Mobile» АҚ​ Ақтөбе филиалы (22.12.2022-22.12.2027);
«Құрылыс», «Көлік құрылысы», «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрылымдарын өндіру» БББ бойынша — НЕКТАР ӨК (20.12.21-20.12.26), Лидер-Консалтинг-Групп ЖШС (20.12.21-20.12.26), Батыс Сапа ЖШС (20.12.21-20.12.26),​ «Элитстройсервис-Актобе» ЖШС (25.12.20- 25.12.25);
«Металлургия», «Тау-кен ісі», «Пайдалы қазбаларды байыту» БББ бойынша – «Казхром ТҰК» АҚ (2025 жылға дейін),  «Тау-кен» ЖШС, «Горно-геологическая компания KazGeoService» ЖШС, «ASC Stroy» ЖШС, «Лотос Актобе» ЖШС, «Ali Group» ЖШС, (2020-2025), «Ақтөбе мыс компаниясы» (2022-2027);
«Мұнай-газ ісі» және «Электроэнергетика» БББ бойынша — Карачаганак Петролеум Оперейтинг б.в.( 2013ж.шексіз), «Іскер-маман» ЖШС (2020-2025), «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ (меморандум 2021-2024), Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және метрология институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалы (меморандум № 605/6​ 2021-2024), «BP Services» ЖШС (2021-2025), «Батысмұнаймаш» ЖШС (2021-2026).

Бір ғана «КазХром ТҰК» АҚ​ филиалдары біздің бірнеше БББ оқитын білім алушыларымызды өндірістік практикамен қамтамасыз ете алады. Мысалы: Металлургия, тау-кен ісі, пайдалы қазбаларды байыту, электроэнергетика, автоматтандыру және басқару БББ оқитын студенттеріміз осы кәсіпорында практикадан өте алады және осы кәсіпорыннан әрі қарай еңбекке орналасуға сұраныс бар.

Тамаша. Енді қорытынды мерзімі таяу оқу жылында факультетте қандай жарқын оқиғалар болды? Сол жөнінде айта өтсеңіз.

-Жалпы біздің факультет үшін 2022-2023 оқу жылындағы басты жарқын жаңалық — Heriot-Watt университетінің ректоры, профессор Mark Biggs Ақтөбеге қаласына арнайы келіп, біздің университеттің, соның ішінде техникалық факультетінің оқу базасын аралап, университет ректоры Лаура Қарабасовамен бірге облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қабылдауында болып, серіктестік орнату туралы келіссөз жүргізуі болды және кездесу соңында жоғары оқу орнының ректорлары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

-Биылғы оқу жылында қай мамандық бойынша маман көбірек дайындалып шықпақ? Қайда жұмысқа орналаспақ? Алдын ала мониторинг жүргізетін едіңіздер ғой.

-Биылғы оқу жылында техникалық факультет бойынша жалпы 447 түлек 10 БББ бітіреді. Соның ішінде «Мұнай-газ ісі», «Құрылыс», «Металлургия», «Электроэнергетика», «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандықтары бойынша бітіретін түлектердің саны көбірек. «КазХром» ТҰК АҚ және​ «Туран Индустриал» ЖШС компаниясы «Металлургия», «Тау-кен ісі», «Пайдалы қазбаларды байыту» «Электроэнергетика», «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандықтары бойынша түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Мысалы, «Электроэнергетика» мамандығын 50 түлек бітіреді, барлығын да жұмысқа шақырып отыр. Одан басқа Ақтөбе облысы бойынша «OMAC Integrated» компаниясы, «Сағыз Петролеум» ЖШС, Ада Ойл ЖШС мұнай-газ компаниялары, «Лазер» ЖШС, «КазинженерингЦентр» ЖШС,​ «Стройдеталь» ЖШС «Мұнай – газ», «Құрылыс»,​ «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» БББ бітіретін түлектерге сұраныс жасап отыр.
«Қазақстандық метрология орталығы» ЖШС барлық ББ бойынша түлектерге сұраныс жасап отыр.

Факультеттің профессор-оқытушы құрамының әлеуеті, факультеттің материалдық базасындағы толығулар туралы да білгіміз келеді.

-Жалпы факультетте 3 кафедра бойынша штатта 60 оқытушы қызмет етеді, оның​ ішінде ғылым докторы -1, ғылым кандидаттары -16, Ph.D. -3, магистрлер — 30, сонымен қатар практик-мамандар -7, екі оқытушы докторантурада оқиды. Факультеттің тағы да басқа жас оқытушылары өздерінің бағыттары бойынша докторантураға түсуге дайындалып жүр.
Факультеттің материалдық-техникалық базасы интерактивті панельдермен, виртуалды зертханалық жұмыстармен, жеңіл автомобильдерге, минивэндерге арналған техникалық бақылау желісімен, итальяндық шинамонтаждау жинағымен, шинаны монтаждау машинасымен, домкратпен және т.б толықты. Алдағы жылдарға да қажетті құрал-жабдықтарға сұраныс бердік.
Қазіргі таңда факультеттің материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылық құрамының сапасы өсіп, интеллектуалды әлеуеті болашақ білікті техникалық мамандарды даярлауға қабілеті жоғары.

Zhubanov University облыстық газеті,

4(484) номер, 2023 жыл.